Accessibility links

Зерттеу: Солтүстік Корея 2023 жылдың тамызынан бері Ресейге 2,5 млн снаряд тасымалдаған


Украинаның атқыланған аумағынан табылған солтүстіккореялық ракета бөлшегі, 6 қаңтар 2024 жыл.
Украинаның атқыланған аумағынан табылған солтүстіккореялық ракета бөлшегі, 6 қаңтар 2024 жыл.

Солтүстік Корея 2023 жылдың тамызынан бері Ресейге 2,5 млн оқ-дәрі жеткізген. Вашингтондағы стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығының есебінде осындай мәлімет айтылады.

Есеп авторлары коммерциялық спутник түсірген жүздеген суретті талдап, 2023 жылғы тамыздан бастап Солтүстік Кореяның Наджин портына оқ-дәрілерді тиеуге 25 ресейлік кеме кірді деген қорытындыға келді.

Зерттеушілердің мәліметінше, Ресейдің Шығыс портына транспондері өшірілген кемі 19 кеме контейнерлерді түсіріп әрі тиеу үшін кірген.

2023 жылғы қазаннан 2024 жылғы қаңтарға дейін Ресей шекарасындағы Солтүстік Кореяның Туманган теміржол станциясының спутник суреттері КХДР станциясында да, Ресейдегі Хасан станциясында да бұрын-соңды болмаған әртүрлі типтегі теміржол вагондарын көрсетті. Зерттеушілердің айтуынша, кейінгі кездері теміржол тасымалы деңгейі 2019-2023 жылдарға қарағанда әлдеқайда артқан.

Спутник суреттерін талдау нәтижесі Ресей Краснодар өлкесіндегі Тихорецк оқ-дәрі қоймасын, Ростов облысындағы Моздок оқ-дәрі қоймасы мен Егорлыкская аэродромындағы қойманың инфрақұрылымын кеңейтіп жатқанын көрсетеді, дейді зерттеушілер.

Ақпан айының ортасында Украинаның бас прокуратурасы атқылау кезінде Ресей Солтүстік Корея шығарған кемінде 24 баллистикалық ракетаны пайдаланғанын мәлімдеген. Украина жағының мәліметінше, Ресей 2024 жылдың 7 ақпанында солтүстіккореялық ракеталарды көп пайдаланған. Пхеньянның қаруларынан адам өлімі биыл 2 қаңтарда Харьков атқыланған кезде тіркелген. Сол кезде үш адам қаза болды, 64 адам жараланды.

2023 жылы қазанда Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Кирби Солтүстік Корея Ресейге қару-жарақ партиясын жібергенін мәлімдеген. Ақ үй Солтүстік Кореядағы қоймадан оқ-дәрі партиясы алынып жатқаны көрінетін сурет жариялады. Оқ-дәрі Ресей туы ілінген кемеге тиеліп, Ресейдің оңтүстік-батыс шекарасындағы қоймаға жөнелтілген. Вашингтонның мәліметінше, тасымалдау 7 қыркүйек пен 1 қазан аралығында жүзеге асырылған.

  • Оңтүстік Кореяның хабарлауынша, Солтүстік Корея үш ай ішінде Ресейге артиллерияға арналған миллион снаряд жөнелткен.
  • Биыл қаңтарда Кирби Солтүстік Корея жуырда Ресейге Украинадағы соғыста пайдаланатын тактикалық ракета кешендері мен баллистикалық ракета жібергенін айтқан. Ақ үй өкілінің сөзінше, Ресей солтүстіккореялық ракеталарды 30 желтоқсан және 2 қаңтарда Украинаны жаппай атқылау кезінде пайдаланған.
  • БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше жеті мемлекет Ресейді Пхеньянмен әскери-техникалық әріптестікке салынған эмбаргоны бұзды деп айыптаған.
  • Мәскеу мен Пхеньян қару-жарақ саудасы туралы мәліметті терістеген.
XS
SM
MD
LG