Accessibility links

Украина қарулы күштері теңізшілер ерлікпен қаза болғанын хабарлады


Украинаның қарулы күштерінің арнайы операция жасағы 29 ақпанға қараған түні 73-ші теңізшілер орталығындағы жауынгерлерінің шайқаста қаза болғанын хабарлады.

"Арнайы тапсырманы орындағаннан кейін топтың негізгі күштерінің шығуына жағдай жасай отырып, жауынгерлер соңғы шайқасқа кіріп, мәңгілік қызметте қалды" деп жазылған хабарламада. Қаза болған жауынгерлердің саны мен орны айтылмайды.

Украиналық "Суспильне" сайтының жазуынша, жауынгерлер Херсон облысының жағалауында – Қара теңіздің солтүстігіндегі Тендр шығанағына бекінуге ұмтылған кезде опат болған.

73-ші теңізшілер орталығы – арнайы операциялар жасағының арнайы барлау бөлімі. Оның жауынгерлері қорғаныс күштерінің өзге жасағымен бірге Ресей басқыншылығы басталған шақта Ресей армиясының Николаевтағы Кульбакино аэродромына қонуына мүмкіндік бермеген. 73-ші теңізшілер орталығы 2022 жылы 7 шілдеде Қара теңіздегі аралды азат ету операциясына да қатысқан деп жазды Азаттықтың Украин қызметі.

Ресей басып алған Херсон облысының шенеуніктері мен мемлекеттік ресейлік БАҚ Тендра шығанағына кірмек болған "украиналық диверсанттар тобы жойылғанын" хабарлады. Mash телеграм-арнасының жазуынша, украин әскері Тендра шығанағына бес қайықпен кірмек болған. Нәтижесінде орыс әскері төрт қайыққа соққы жасаған, бесінші қайық қашып үлгерген. Кемінде 20 украин жауынгері қаза болған, біреуі жараланып, тұтқынға түскен.

  • Украина президенті Владимир Зеленский 25 ақпан күнгі баспасөз жиыны кезінде Украина соғыста қанша жауынгерінен айырылғанын алғаш рет айтты. Оның сөзінше, Ресей басқыншылығына тойтарыс беру кезінде 31 мың украин жауынгері опат болған.
  • 2023 жылы желтоқсанда Украина әскерінің шығыны туралы айтқан Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу қаза болғандар мен жараланғандар саны 383 мың адам екенін мәлімдеген. Мәскеудің өзі адам шығыны туралы айтпайды. Зеленскийдің сөзінше, Ресей жараланғандарды қосқанда 500 мың әскерінен айырылған. Қақтығыс кезінде тараптар өзінің адам шығынын азайтып, қарсылас жақтың шығынын асыра көрсетуге бейіл.
XS
SM
MD
LG