Accessibility links

Ресейде су алған Ор қаласының тұрғындары алаңға шығып, "Путин, көмектес!" деп айғайлады


Ресейдің Орынбор облысы Ор қаласындағы (қазақша тарихи атауы - Жаманқала) су басқан үйлер
Ресейдің Орынбор облысы Ор қаласындағы (қазақша тарихи атауы - Жаманқала) су басқан үйлер

8 сәуірде Ресейдің Орынбор облысы Ор қаласында (қазақша тарихи атауы - Жаманқала) жүзден астам адам орталық алаңдардың біріне жиналды. Қаланың бір бөлігі тасқын судан қатты зардап шеккен. Тұрғындар жергілікті билік орындарын сынап, Ресей президенті Владимир Путинге видеоүндеу жасады.

Тұрғындар тасқыннан бүлінген дүние-мүлкіне төленетін өтемақы мөлшері мардымсыз екенін айтады. Бұған қоса, олар бюджет қаржысына тұрғызылған дамбы құрылыс талаптарына сай болмағандықтан тасқынға төтеп бере алмады деп есептейді. Жұрт жергілікті билікке сенбейтінін айтып, тікелей президенттен жәрдем сұрап: "Путин, көмектес!" деп айғайлаған.

Жергілікті telegram-каналдардың хабарлауынша, полиция әуелгіде митингіге кедергі келтіруге тырысқан, бірақ адам қарасы мүлде көбейгеннен кейін ол ойынан айнып қалған. Алаңға қала басшысы Василий Козупица да келген. Жиналған халықтың алдында сөйлеуге тырысқанымен жұрт "Масқара!" деп айғайлап, сөзін қайта-қайта бөле берген соң Козупица қала әкімшілігінде келіссөз өткізу үшін халыққа өз арасынан бастамашыл топ құруды ұсынған.

Келіссөзде Козупица тасқын әкелген шығын көлемін анықтау және өтемақы мөлшерін белгілеу үшін арнайы комиссия құрылады деп мәлімдеген. Қала басшысы тасқыннан зардап шеккен адамдарға қандай шығын келгенін фото мен видеоға түсіріп алуға кеңес берген.

Бұған қоса ол зардап шеккендерге баспана салуға қаржы бөлінеді деп уәде еткен, бірақ нақты ешқандай дерек келтірмеген. Бұл мәселені әкімшілік жақын күндері талқылайды деп уәде еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG