Accessibility links

Құлсарыда НКВД азаптаған 104 жастағы қария қайтыс болды


Абдулла Әбдірахманов. Азаттық видеосынан алынған скриншот. 2011 жыл.
Абдулла Әбдірахманов. Азаттық видеосынан алынған скриншот. 2011 жыл.

Атырау облысының Жылыой ауданының тумасы, сталиндік репрессия жылдарының соңғы куәгерінің бірі Абдулла Әбдірахманов 104 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бұл туралы әлеуметтік желіде туыстары мәлімдеді.

29 ақпанда Абдулла Әбдірахмановтың денесі өзі тұратын Құлсары қаласынан 60 шақырымдағы бейітке жерленді. Абдулла қарт сәуірдің 15-сінде 104-ке толуы керек болған.

– Әкеммен қоштасуға келгендер өте көп болды. Жолдар жабылды. Көбі көпті көрген қарияның жасын берсін деп ырымдап жатты. Жүзден асса да өмірінің соңына дейін ақыл есін жоғалтқан жоқ. Бізге ерген ғибараты да мол болды, – деді Азаттыққа марқұмның кіші баласы Марат Әбдірханманов.

1948 жылғы маусымның 6-сы күні түнде 22 жастағы бұрынғы Гурьев облысындағы Қосшағыл кенішінде оператор болып жүрген жас жігітті НКВД жендеттері алып кетеді.

"Маған «әкесі халық жауы, өзі Жапонияның агенті, Иранның десанты» деген кінә тақты. Ал мен бар болғаны үш кластық білімім бар, Жапония мен Иран тұрмақ Гурьевтен аттап шықпаған адаммын. Оны кімге дәлел қылып айтасың? Әрине тергеушіге кінәсіздігімді айтып түсіндіруге тырыстым. Бірақ оны тыңдаған ешкім болмады. Күні бойғы жауаптан әбден әлсіреп, есің танып құлайсың. Үстіңе шелекпен мұздай су құяды, сілкініп қайта түрегелесің. Тырнағыңның астына ине тығып, ұрып-соғады. Не үшін?! Бұл азапқа ешкім де төзбейді, бірнеше күннен соң, берген қағаздарына қол қойдым" деген еді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

Видео: Абдулла Әбдірахманов соғыстан кейiн ГУЛАГ лагерьлерінде қазақ зиялысы Мағжан Жұмабаевпен бiрге отырғанын айтады (Шілде, 2011 жыл).

Орындалмаған аманат
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:03:36 0:00

Абдулла Әбдірахманов Ресейдің Магадан облысының Сусуманск ауданындағы лагерінде өтеген. 1954 жылы Сталин өлімінен соң бір жыл өте мерзімінен бұрын босап шыққан.

Бір ғасырдан астам өмір сүрген Абдулла Әбдірхамановтың есімі жұртшылыққа 2011 жылдан бастап кеңінен таныла бастады. Ол өзінің Сусуман лагерінде ақын Мағжан Жұмабаевпен бірге отырғанын мәлімдеп, ақынды «1937 жылы атылған жоқ, 1951 жылы Магаданда цинга аурынан көз жұмды» деген. Бірақ НКВД құрбанының бұл гипотезасы тарихшылар тарапынан қолдау таппады, оны терістеуге де, құптауға да ниет болмады. Басым көбі, ақсақалдың айтқанына сенімсіздік білдіріп, аяқсыз қалған.

Абдулла Әбдірахмановтың өзі ақынның бейітін іздеген «Жас Алаш» газетінің бұрынғы бас редакторы, саясаткер Рысбек Сәрсенбай бастаған экспедиция құрамында 2011 – 2014 жылдары екі рет Магадан облысына экспедиция құрамында болып қайтқан. Сол кездері тоқсан жастағы қарияның жады Магадан губернаторын да таң қалдырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG