Accessibility links

Газа секторының солтүстігінде ондаған адам қаза болды


29 ақпанда түнде Газа қаласының солтүстігінде жұрт көп жиналған орында кемінде ондаған адам қаза болды. Газаның денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, гуманитарлық көмек күтіп тұрған адамдарға Израиль әскері оқ атқан. Ал Израиль күштері қаза болғандар азық-түлік тиелген жүкті тонамақ болғанын айтып, оқиғаға марқұмдардың өзін кінәлады.

Палестиналық дереккөздің хабарлауынша, көмек күтіп тұрған аш адамдарға танк және автоматтан оқ атылған. Оған еш себеп жоғы айтылды. Газаның денсаулық сақтау министрлігі жүзден астам адам қаза болғанын, 760 адам жараланғанын айтты.

Ал Израильдің қорғаныс әскерінің хабарлауынша, Газа тұрғындары гуманитарлық жүкті тонауға ұмтылып, нәтижесінде жұрт сығылысып, кейбір адамдар тұншыққан. Израильдің аты-жөнін айтпаған шенеуніктері The Washington Post басылымына Израиль әскеріне "сес көрсетпек болып, төнген" топқа ғана оқ атылғанын айтты.

Египет, Иордания және Палестина автономиясы оқиғаға Израиль билігін айыптады. Oxfam үкіметтік емес ұйымы Израиль билігін бейбіт тұрғындарға қасақана шабуыл жасады деп кінәлады. АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған ХАМАС өкілі бұл Газа секторында бейбіт келісімге қол жеткізуге кедергі жасайтынын мәлімдеді.

АҚШ президенті Джо Байден бейсенбі күні журналистерге "оқиға атысты тоқтату туралы келісім қажеттігін айғақтай түседі, алайда оны күрделендіреді" деп мәлімдеді.

Бейсенбі күні Газаның денсаулық сақтау министрлігі секторда әскери операция басталғалы бері Израиль әскерінің қолынан 30 мыңнан астам адам опат болғанын айтты. Операция секторды бақылауда ұстайтын ХАМАС Израильге шабуылдағаннан кейін басталған. ХАМАС шабуылынан шамамен 1200 адам өлген. Радикалды ұйым шамамен 220 адам кепілдікке алған: олардың бір бөлігі қаза болған, бір бөлігі атысты қысқа уақыт тоқтату туралы келісім кезінде басқа тұтқындарға алмастырылды, бір бөлігі әлі күнге дейін ХАМАС қолында.

XS
SM
MD
LG