Accessibility links

Байден Газа секторына гуманитарлық көмек әуеден жеткізілетінін хабарлады


Джо Байден
Джо Байден

АҚШ президенті Джо Байден Газа секторына азық-түлік Америка ұшақтары арқылы әуемен жеткізілетінін мәлімдеді. Алғашқы көмек осы демалыс күндері жетуге тиіс.

"АҚШ көп күш салуы керек" деді президент Джо Байден. Ол Газаға көмек жетіспей жатқанын еске салды.

Оның сөзінше, АҚШ сонымен бірге палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсету үшін теңіз дәлізін ашу мүмкіндіктерін де қарастырып жатыр.

Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі өкілі Джон Кирбидің айтуынша, алғашқы рейспен Газаға әскерге арналған құрғақ тамақ (Meal, Ready-to-Eat) жеткізілмек. Кирбидің сөзінше, ендігәрі гуманитарлық көмек әуе арқылы "тұрақты түрде жеткізіліп тұрады" және мұны Израиль қолдайды.

Бұған дейін Газа секторына Иордания мен Франция әуе арқылы көмек жеткізген. Бірнеше күн бұрын БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы палестиналықтар тарабынан ұрлық-қарлық және шабуылдардың жиілеуіне байланысты Газаға азық-түлік тасымалдауын тоқтататынын мәлімдеген. БҰҰ мәліметінше, Газа халқының шамамен төрттен біріне – 570 мыңнан астам адамға аштық қаупі төніп тұр.

АҚШ пен БҰҰ шенеуніктері Reuters агенттігіне әуе тасымалы мәселені шешпейді (азық-түлік ХАМАС-тың қолына түспейтініне ешкім кепілдік бере алмайды) – мәселені шешу үшін құрлықтағы дәлізді ашу қажет деген.

АҚШ пен өзге елдер Газаға атыс тоқтаған кезде аумаққа азық-түлікті молынан жеткізуге болады деп санайды. Байден атысты тоқтату режимі 10 наурызда басталады деп үміттенеді.

  • Газа секторында соғыс 7 қазанда басталған. Ол кезде ХАМАС (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) содырлары Израильге шабуыл жасап, соның салдарынан AFP мәліметінше шамамен Израильде 1200-ден астам адам өлген. Басым бөлігі – бейбіт тұрғындар. ХАМАС шамамен 250 адамды кепілдікке алған. Кейбірі кейін өлтірілді.
  • Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль шабуылының салдарынан елде кемінде 30 мың адам өлген, басым бөлігі – әйелдер мен балалар.
  • The Guardian мәліметінше, кейінгі кезде Газаға көмек көлемі 80 пайызға қысқарған. Халықаралық агенттіктер Газа секторына гуманитарлық дағдарыс, аштық пен індет қаупі төнгенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG