Accessibility links

Ресейлік дрон Одессадағы тұрғын үйді қиратты: кемінде 8 адам қаза болды


Құтқарушылар ресейлік дрон қиратқан үйді аршып жатыр. Одесса, 2 наурыз 2024 жыл.
Құтқарушылар ресейлік дрон қиратқан үйді аршып жатыр. Одесса, 2 наурыз 2024 жыл.

Одессада ресейлік дрон көпқабатты тұрғын үйді қиратып, кемінде 8 адам қаза болды, екеуі - бала. Бұл жөнінде Украинаның төтенше жағдай қызметі хабарлады.

Бұған дейін құтқарушылар үйінді астынан үш айлық нәресте мен анасын тапқан. Бұл жөнінде Одесса әкімшілігінің жетекшісі Олег Кипер және Украина ішкі істер министрі Игорь Клименко мәлімдеді.

Құтқару жұмыстары жалғасып жатқаны хабарланды. Үйінді астында тағы да адам болуы мүмкін.

Дрон шабуылының салдарынан тоғыз қабатты тұрғын үйдің бір подъезі толық қираған. Тұрғын үйдегі 18 пәтер жойылған. Жетеуі бүлінген, деп хабарлады қала әкімшілігі.

"Ресей әскері Одессадағы тұрғын үйге қасақана соққы жасады. Жақын маңда әскери нысан жоқ" деп тұжырымдайды Украинаның бас прокуроры Андрей Костин.

"Бұл жәй ғана атқылау емес, бұл украин азаматтарын жоюға бағытталған саясат, террор. Бұл тұрғын үйге жасалған шабуыл... Тұрғын үй тығыз құрылыс аймағында орналасқан болатын" деді бас прокурор.

Одессаға шабуыл жөнінде түсініктеме берген Украина президенті Владимир Зеленский Украинаға бейбіт азаматтарды қорғайтын әуе қорғанысы керегін атап өтті.

Украинаның оңтүстік қорғаныс күштерінің мәліметінше, 2 наурызға қараған түні Ресей әскері Одесса облысын сегіз ирандық "Шахед" дронымен шабуылдаған. Жетеуі атып түсірілген. Ресей әскері әзірге түсініктеме бермеді.

XS
SM
MD
LG