Алматыда 4 наурыз сағат 11:22-де жер сілкініп, жұрт сыртқа шығып кетті. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті Алматыда жер сілкінісі МSК-64 шкаласы бойынша 5 балл болып сезілгенін хабарлады.
ТЖД мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан 31 шақырым жерде болған. Жер дүмпуінің магнитудасы 6.1. Ал тереңдігі - 10 шақырым.
Бұл жолы қалада жер сілкінген соң хабарлау жүйесі жұмыс істеді. Жүйе үйдегі жарық, газ және суды өшіріп, қажет құжаттар мен киім, азық-түлік алуды, далаға шығуға шақырып, қауіпсіз орынға тұру керек екенін хабарлады.
Алматы қаласы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев тербелістен соң ғимараттан шығып, мекенжайына жақын қабылдау пунктеріне баруға, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады.
Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев жедел штабтың жиынын өткізіп, жер сілкінісінен кейінгі әрекеттерді талқылағаны хабарланды. Қалалық әкімдік полиция департаменті қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын, барлық аурухана мен жедел жәрдем күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін мәлімдеді.
Әкімдіктің хабарлауынша, қаладағы барлық мектеп пен балабақша, қабылдау пунктері ашық. Алматы әуежайы да штатты режимде жұмыс істеп жатыр, аэропортта ұшу жолағы мен перрондарда зақымданбағаны айтылады.
ПІКІРЛЕР