Accessibility links

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясынан дивиденд даулағандар президент Тоқаевқа үндеу жолдады


"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының жыл сайынғы табысынан төленетін дивиденд мөлшері азайып кеткеніне наразы адамдар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап тұр. Ақтөбе, 3 наурыз, 2024 жыл.
"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының жыл сайынғы табысынан төленетін дивиденд мөлшері азайып кеткеніне наразы адамдар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап тұр. Ақтөбе, 3 наурыз, 2024 жыл.

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының акциясына ие ондаған адам дивидендін даулап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Жексенбі, 3 наурызда Ақтөбенің орталығына жиналған зейнет жасындағы елуге тарта адам компанияның жыл сайынғы табысынан төленетін дивиденд мөлшері азайып кеткеніне наразылық білдірді.

Кезінде "Ақтөбемұнайгаз" компаниясында атқарған жұмысы мен еңбек өтілі әртүрлі болғандықтан олардың қолындағы акция да бірдей емес. Кейбірі 150 акцияға, енді біреулері 50 акцияға иелік етеді.

– "Ақтөбемұнайгаз" әр акциясы үшін 15 мың теңгеден дивиденд төлеген кезі де болды. Кейінгі жылдары біртіндеп азая бастады да, былтыр және биыл 75 теңгеден берді. Оның үш теңгесін салыққа ұстап қалды. Сонда қолымызға әр акция үшін 72 теңгеден алдық. Бұл не мазақ?! Мұнай алпауыты берген 72 теңге бір көмеш нанға да жетпейді ғой. Ел Конституциясында жер және жер қойнауы халыққа тиесілі делінген. Ал инвесторлар Қазақстан Республикасының резиденттері емес, компания акцияларының бақылау пакетін ұстаушылар ғана. Сөйте тұра бізді нәпақамыздан қағып отыр. Біз мұны былтырдан бері айтып келеміз. Қарапайым халықты басшылар да, облыс әкімі де қолдап отырған жоқ, – дейді наразылардың бірі Жұмалы Қадыров.

Бір жылдан бері дивиденд даулап жүрген акционерлер қытайлық инвесторлардың үстінен сотқа шағымданып та көрген, бірақ сотта жеңіліп қалған. Енді Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасына жүгінбекші.

– Қытайлық инвестор бізді дивиденд төлемдері бойынша дауыс беру құқынан айырды. Қазір акционерлердің жылдық жиналысына қатысуға да құқығымыз жоқ. Бірақ сот акционерлер жиналысы сырттай өткізілген, дауыс саналған, заң бұзылмаған деп отыр. СНПС-дің өте табысты компания екенін ашық деректерден көруге болады. Ол ешқандай құпия емес. Компанияның табысында қарапайым еңбеккерлердің үлесі зор. Кезінде мұнай саласында жан аямай жұмыс істеп, денсаулығымызды құрттық. Қазір сөзімізге ешкім құлақ аспай отыр. 2022 жылдың қорытынды есебін жариялаған кезде "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" 56 млрд теңгені кредиторлық міндеттеме ретінде көрсеткен. Сөйте тұра бізге әр акция үшін небәрі 75 теңгеден төледі. Акционерлерге берілуі тиіс 56 млрд теңге қайда жұмсалғаны белгісіз, – дейді акционерлердің бірі Бауыржан Бекмағанбетов.

Акционерлердің сотқа жүгінгенін Ақтөбе облыстық соты да растап отыр. Соттың мәліметінше, қаулы 2024 жылғы 6 ақпанда шыққан.

– Жауапкер тарап акционерлердің жалпы жиналысы мен дауыс санау Қазақстан заңдарына сай сырттай жүргізілгенін айтып, соттан шағымды қанағаттандырмауды сұрады. Шағымданушылар келтірген аргументтер сот барысында дәлелденген жоқ. Сол себепті шағым қанағаттандырылмады, – деп жазылған сот хабарламасында.

Дивиденд даулағандардың айтуынша, бұл мыңнан астам отбасының мәселесі. Азаттық акционерлердің талабы жөнінде "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясына сауал қойған. Бірақ компания әзірге жауап берген жоқ.

Қытайлық инвесторға тиесілі "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының артықшылығы бар акцияларының иелеріне төленетін дивидендті азайтқаны 2023 жылдың көктемінде белгілі болған. Әуелде акционерлер мәселені өзара шешпек болып, компанияның бас кеңсесіне бірнеше мәрте барған. Кейін қытайлық инвесторлар дивиденд даулаушылармен мүлдем сөйлеспей қойған.

Қытай үкіметіне қарасты CNPC (China National Petroleum Corporation) компаниясы "Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамы акциясының басым бөлігін 1997 жылы тендер бойынша жеңіп алған. 1997 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Ли Ланьцин Алматыдағы президент сарайында "Ақтөбемұнайгаз" акциясын сату бойынша келісімшартқа қол қойған.

Egov порталығындағы ақпаратқа сәйкес, компанияның Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысында 11 филиалы бар. Тағы бір филиалы Астанада орналасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG