Accessibility links

Майқайыңда шұңқырға құлаған екі адам табылмай жатқанына екі ай болды, туыстары Тоқаевқа жүгінді


"Майқайың алтын" кенішінде шұңқырға құлаған адамдарды іздеу-құтқару операциясы. ТЖМ баспасөз қызметі таратқан сурет.
"Майқайың алтын" кенішінде шұңқырға құлаған адамдарды іздеу-құтқару операциясы. ТЖМ баспасөз қызметі таратқан сурет.

Павлодар облысы "Майқайың алтын" кенішінде шұңқырға құлаған көлікте болған, содан бері табылмаған екі адамның туыстары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы да үндеу жасады. Видеоүндеу қайғылы оқиғадан тура екі ай өткенде, 4 наурызда әлеуметтік желіде жарияланды. Оның авторлары президент Тоқаевтан жақындары – 36 жастағы құтқарушы Айдос Шаймерден мен 55 жастағы жүргізуші Айып Тілеубергеновті іздеуге көмектесуді сұраған.

– Еліміз өркениетті әлемде болғанымен, ашық карьердегі адамдарды екі айдан бері құтқара алмай жатырмыз. Айтарға сөзім жоқ, – деді үйінді астында қалған жүргізушінің ағасы Амангелді Тілеубергенов.

Туыстары шұңқырға құлаған көлікпен қоса жоғалған адамдарды іздеуді қайта жалғастыруды сұрап отыр. Олар жұмысы тоқтап тұрған шахтаның шұңқырында қалған жақындарын іздеу жоспарын құруға дайын компания тапқанын айтады. Екі ай бұрын топырақ опырылып, төрт адам отырған автобус шахта ішіне құлап кеткен еді.

– Алдағы уақытқа жұмыс жоспары болмаған соң [іздестіру] тоқтап қалды. Ол қашан дайын болады деген сұраққа бізге жауап бере алмай отыр. Сондықтан өзіміз осындай ұйым таптық, бірақ әлі олармен шарт жасасқан жоқпыз, – деді құтқарушының әпкесі Айнаш Мәжитова.

Үйінді астында қалған адамдардың туыстары іздеу жұмысы жалғаспай, аяқсыз қала ма деп алаңдайды. Олар қайғылы оқиғаға жауапты адамдар жазадан құтылып кетуі мүмкін дейді.

4 қаңтарға қараған түні "Майқайың алтын" компаниясының жұмыс істемейтін шахтасы маңынан түтін шығып жатыр деген хабар түсіп, солай қара шыққан "Республикалық кәсіби әскери апаттық-құтқару қызметінің" төрт қызметкері отырған автобус терең шұңқырға құлап кеткен. Сол күні екі құтқарушы – Бердіқан Сарқыт пен Олег Тышкевич өлі табылды.

Қаза болған және үйінді астында қалған адамдардың туыстары құтқарушыларға жер опырылатыны туралы ескертілмегенін, жол бойында жарық болмағанын, соның салдарынан құтқарушылар шұңқырды көрмей қалғанын айтады. Билік те, компания да бұған түсініктеме бермеді.

Қаңтардың аяғында апат салдарын зерттеген комиссия 7 жауапты адамды анықтағанын хабарлады. Олар қандай қызмет атқаратыны, оларға қандай шара қолданып жатқаны жөнінде айтылмады. Билік бұл апатты "жазатайым оқиға" деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG