Accessibility links

43 мемлекет Навальный қазасын халықаралық тәуелсіз тергеуді талап етті


Ресей түрмесінде жұмбақ жағдайда көз жұмған оппозиционер Алексей Навальныйдың қабіріне жұрт гүл қойып жатыр. Мәскеу, 1 наурыз, 2024 жыл.
Ресей түрмесінде жұмбақ жағдайда көз жұмған оппозиционер Алексей Навальныйдың қабіріне жұрт гүл қойып жатыр. Мәскеу, 1 наурыз, 2024 жыл.

43 мемлекет ресейлік оппозиционер Алексей Навальный қазасының жай-жапсарын анықтау үшін халықаралық тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етті. Оппозиционер өткен айдың ортасында Ресейдің солтүстігінде шеткері жатқан Харп ауылындағы ерекше қатаң режимдегі колонияда көз жұмды. Жақтастары саясаткерді билік өлтірді деп біледі.

Тәуелсіз тергеу қажет екенін 4 наурызда БҰҰ жанындағы Еуропа одағы делегациясының басшысы Лотте Кнудсен 43 мемлекеттің атынан мәлімдеді деп хабарлады америкалық Barron's басылымы. Кнудсен бұл елдер саясаткердің өліміне Ресей президенті Владимир Путин жауапты деп есептейтінін айтқан.

"Ресей аяқ астынан көз жұмған Навальныйдың қазасын [халықаралық қауымдастыққа] тәуелсіз әрі ашық тергеуге рұқсат беруге тиіс", – деді ол.

Кнудсен Навальныйдың өлімін Ресейде үдеп жатқан жүйелі репрессияның тағы бір белгісі деп атап, осы болған жағдай үшін Ресейдің саяси басшылығын жауапқа тартуды талап етті.

Ол Ресей билігін "адам құқықтарын бейбіт жолмен жүзеге асырып келген және Ресейдің Украинадағы соғысына қарсы шыққаны үшін" ұсталған саяси тұтқындарды, құқық қорғаушыларды, журналистер мен соғысқа қарсы белсенділерді босатуға үндеді.

"Ресейді репрессиялық заңнамасынан бас тартуға және сот құқығын теріс пайдалануды доғаруға шақырамыз", – деді Кнудсен.

Бұл мәлімдемеге қол қойғандар арасында Еуропа Одағы елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Украина, Австралия, Канада, Жаңа Зеландия және Норвегия бар.

Ресейде тараған ресми мәліметте Алексей Навальный "табиғи ажалынан қайтыс болғаны" айтылған. Саясаткердің жесірі мен жақтастары оны «Путин мен соның қолшоқпарлары өлтірді» деп мәлімдеген. Жемқорлықпен күрес халықаралық қорының директоры Мария Певчих оппозиционердің өліміне Ресей мен Батыс арасында Навальныйды айырбастау туралы астыртын жүргізілген келіссөздің қатысы бар деген. Тәуелсіз зерттеуші ретінде көпке танымал Христо Грозев "Дождь" телеарнасына берген сұхбатында журналистер тобы зерттеу жүргізіп жатқанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG