Accessibility links

Алматыда жер сілкінгенде жедел хабар тарататын жүйе енгізілмек


Жерасты дүмпуінен кейін ғимараттардан шығып, Қазақ ұлттық университеті аумағындағы алаңда тұрған адамдар. Алматы, 4 наурыз, 2024 жыл.
Жерасты дүмпуінен кейін ғимараттардан шығып, Қазақ ұлттық университеті аумағындағы алаңда тұрған адамдар. Алматы, 4 наурыз, 2024 жыл.

Алматыда мамырдың аяғына дейін мобайл құрылғылар арқылы төтенше жағдай туралы жедел хабар тарататын жүйені пилот режимде енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы 5 наурызда жер сілкінісі тақырыбын талқылаған үкімет отырысында Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.

"Алматы қаласының әкімдігі цифрлық даму және төтенше жағдай министрліктерімен бірлесіп, биыл мамыр айының аяғына дейін қала тұрғындарын төтенше жағдайдан жедел түрде хабардар ететін жүйені пилот режимде енгізуді жоспарлап отыр. Ол Mass Alert ережесі бойынша жұмыс істейді, оған Cell Broadcast технологиясы қолданылады. Жобаға 475 миллион теңге бөлінген" деген Досаевтың сөзін "Власть" сайты жариялады.

Cell Broadcast-тың қарапайым SMS-тен айырмашылығы – ол желіге қосымша жүк салмайды және база станцияларының антеннасы қойылған аймақтағы барлық абонентке жедел әрі жаппай хабар беруге, оның уақыты мен жиілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді дейді мамандар.

4 наурызда сағат 11.22-де Алматыда тағы жер сілкінген. 5 балдық сілкіністің эпицентрі қаладан 31 шақырым жерде Қырғызстан шекарасына жақын Қазақстан аумағында тіркелген. Магнитудасы 6.1 жерасты дүмпуінің эпицентрі жердің 10 километр терең қабатында болған. Жер сілкінгеннен кейін бір минут өткенде қаладағы үйлердің шатырына қойылған дабыл жүйесі қосылды. Тұрғындар SMS-ескерту жер сілкінген соң бір сағат өткенде келді деп наз білдірді.

Бұл – Алматыдағы кейінгі екі айда болған бес балдық екінші жер сілкінісі. 23 қаңтарға қараған түні сағат 00:09-да қалада жер сілкінген, оның эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысынан 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болған. Жер дүмпуінің магнитудасы – 6,7.

Халық сол кезде әкімдік пен төтенше жағдай департаментінен жер сілкінісі туралы ескерту келмегенін, дабыл қағылмағанын айтып, билік жұмысын сынаған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жиын өткізіп, қаланың азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шықты деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG