Accessibility links

Алматы әкімдігі әйелдер митингісіне рұқсат берді. Бейбіт жиынға рұқсат ала алмаған феминистер бұл шешімге наразы


Әйелдер құқығын көтерген митинг. Алматы, 8 наурыз 2022 жыл.
Әйелдер құқығын көтерген митинг. Алматы, 8 наурыз 2022 жыл.

Алматы әкімдігі 7 наурызда әйелдер мәселесіне қатысты митинг өткізуге рұқсат берді. Бұл туралы "Рахым" әлеуметтік үйінің басшысы Бибінұр Шералиева Facebook парақшасында хабарлады. Ол жергілікті билікке 7 наурызда Махатма Ганди атындағы саябақта "Әйелдердің лайықты өмірі үшін!" тақырыбында митинг өткізуге хабарлама бергенін айтады.

"Біздің хабарламаға әкімдік митинг өткізуге рұқсат берді деген жауап алдық. Осыған байланысты сіздерді 7 наурыз сағат 12.00-де Ганди саябағында өтетін іс-шараға қатысуға шақырамын. Митингіде әйелдердің қоғамдағы өзекті мәселелері көтеріледі. Сонымен қатар әйелдердің лайықты өмір сүруіне қажет талаптар айтылады" деп жазды Шералиева.

Бибінұр Шералиева "Власть" сайтына берген жауабында митингіде бірінші кезекте ажырасқан отбасындағы әйелдер мен бала құқықтары және алимент мәселесін көтеретінін айтқан. Қазақстанда ажырасу саны көп болуына байланысты "отбасы құндылықтары мен дәстүр" тақырыбы қозғалатынын мәлімдеген.

Митингіде 50 жастан асқан әйелдерді жұмысқа алу мәселесі де көтерілмек. Шералиева мұндай жаста жұмысқа орналасу қиын екенін, әйелдердің зейнет жасын тағы 10 жыл күтіп қалатынын айтқан.

Бибінұр Шералиева — "Рахым" әлеуметтік үйінің басшысы, Isker isi жобасының авторы. 2020 жылы биліктегі "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясының праймеризіне қатысқан.

Әкімдік Шералиеваға әйелдер тақырыбында митинг өткізуге бірден рұқсат берді ме, ол жағы нақты айтылмаған.

Ақпанның басында әйел құқығын қорғаумен айналысатын феминист белсенділер Алматы әкімдігі 8 наурызда шеру өткізуге рұқсат бермегенін хабарлаған. Жергілікті билік бейбіт жиынға бөлінген орындарда басқа іс-шара өтеді, "шеру қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген себептерді алға тартқан. Шеруге келісім ала алмаған белсенділер бірінен соң бірі жалғыз адамдық пикетке шығып, талаптарын айтқан еді.

Әйелдер маршын ұйымдастырушылардың бірі Әйгерім Құсайынқызы "билік біреуіне бас тартып, екіншісіне рұқсат беріп ойын ережесін әкімдік шешетінін көрсеткісі келеді" деп санайды.

"Біз феминист болғандықтан, барлық әйелді қолдап, бәріне адал болуымыз керек. Алайда бір сұрақ туындайды. Біздің тақырып [билікке] қауіп төндірсе, неге 7 наурыздағы тақырып олай емес?! Айырмашылық қандай? Билік осылайша митингіге тек өз ГОНГО-ларына (мемлекет ұйымдастырған мемлекеттік емес ұйымдар) рұқсат беретінін және бізден, 2017 жылдан бері осы тақырыпты көтеріп келе жатқан феминистерден қорқатынын бәріне көрсетіп, дәлелдегісі келеді" деді Құсайынқызы Азаттыққа.

5 наурызда фем-белсенділер Алматы әкімдігінің 8 наурызда митинг пен шеру өткізуге байланысты 20-ға жуық өтінішіне рұқсат бермегенін айтқан.

"Олар бізден митинг күні мен оның өтетін орнын ғана емес, халықтың сенімін де ұрлады! Көбі біздің жаңа ұйымдастырушылармен арадағы айырманы түсінбей шығады. Бәрі жақсы көрінгенімен, ГОНГО — демократия үшін баяу өлім! Әйелдердің мәселесі жөнінде бәрі айтуы керек, бірақ мұндай әдістер қолданбау керек" деді фем-белсенді.

15 ақпанда Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуде әкімдік 8 наурызда әйелдер шеруін өткізуге рұқсат бермеген шешімін өзгертпейді деп мәлімдеген еді.

Фем-белсенділер биыл шеруде "Қазақстан әйелдерінің еркіндігі мен қауіпсіздігі" мәселелерін қозғағысы келген. Былтыр феминистер әкімдікті сотқа бергенімен, сот олардың шағымын қанағаттандырмаған. Фем-белсенділер шеру өткізуге тағы өтініш беріп, рұқсат беруді талап еткен пикеттерді жалғастыратынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG