Ресейден Қазақстанға жалпы құны 1,5 млрд доллардан асатын 41 шетелдік компания көшіп келді. Бұл туралы Астанадағы брифингте ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов хабарлады.
Министрдің мәлімдемесін «Интерфакс» агенттігі жариялады.
Құдайбергеновтің айтуынша, үкімет шетел компанияларын елге көшіру жөніндегі жұмыстарын жалғастырып жатыр. Тізімде 30-дан астам елдің 400-ге тарта компаниясы бар.
"Құны 1,5 млрд доллардан асатын 41 компания бойынша нақты нәтиже бар: InDriver, TikTok және басқалар. Қазір 37 компания бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Олардың қандай компаниялар екенін әзірге айта алмаймыз» дейді вице-министр. 37 компанияның жалпы құны 1 млрд долларға жуықтайтыны мәлім.
Құдайбергеновтің айтуынша, қазір олармен жеке жұмыс жүргізіліп жатыр, себебі бірі жер телімін сұраса, бірі преференция мен жеңілдік қажет екенін айтып отыр.
2023 жылғы мамырда Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Қазақстан 401 шетелдік компанияның көшіп келуіне мүдделі екенін, олардың бәріне шақырту жіберілгенін мәлімдеген. Сол кезде Айдаров 38 елден келген 25 компания көшіріліп болғанын, арасында Германия, АҚШ, Швейцария, Жапония компаниялары барын айтқан. Оның сөзінше, америкалық Honeywell Алматыда шағын өндіріс ашса, француздың Alstom компаниясы сервис орталығын осында көшірген. TikTok, InDriver және Fortescue кеңселерін Қазақстанға көшірген.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ірі компанялардың дені Ресей нарығынан кететінін мәлімдеді. Соғыс басталған бір жылдың ішінде компаниялардың 20 пайызы Ресейден кеткен. Олардың арасында ірі халықаралық компаниялар (Mercedes-Benz, Renault, Nissan, Mazda) да бар.
ПІКІРЛЕР