Accessibility links

Қарағандыда құқық қорғаушы үйі мен кеңсесінде тінту болғанын хабарлады


Қарағандыда Еуразия құқық қорғау ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетов өзіне "алаяқтық" бойынша қылмыстық іс қозғалып, қорғануға құқығы бар куәгер атанғанын, полиция үйі мен кеңсесін тінткенін хабарлады.

"Қадір-қасиет" және Құқық қорғаушылардың қауіпсіздігі мен қорғанысы мәселелері жөніндегі коалиция өткізген онлайн-брифинг кезінде Айтмағанбетов телефоны мен ноутбук және бірқатар құжаттар тәркіленгенін хабарлады.

—Үй мен кеңсені тінтуге шамамен 30 полиция қызметкері қатысты. Олар флешка, ұялы телефон, ноутбукты тәркілегісі келетінін айтты. Мен оларды беруге келістім. Олар заттарды тәркілеп, тінтуді жалғастырды. Діни әдебиет іздеді: Құран мен бұрынғы қызметкерден қалған шағын Библияны алды. Палестина елшілігі берген алғыс хат болатын, оны да тәркіледі, - деді Айтмағанбетов брифинг кезінде.

Құқық қорғаушылардың сөзінше, полицейлер тінтуге 4 наурызда кешке келген және үш орынды қатарынан тінткен. Тінту 2023 жылдың желтоқсаны мен 2024 жылдың ақпан күнгі мерзіміндегі қаулы негізінде жүргізілген. Мұны брифинг ұйымдастырушылары да растады.

Тінту туралы қаулыға сәйкес, былтыр қарашада облыстық полиция департаменті "Алдын ала сөз байласып, алаяқтық жасау" (190-бап, 2-бөлік) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.

"[Іске] 1 қыркүйекте көп балалы әйелімнің төрт бала үшін 95 мың теңге көлемінде жәрдемақы алуы түрткі болыпты. Ол мектепке қажет керек-жарақтарды алып, чек арқылы есеп берген. Дұрыс есеп бермеген деп шешкен болуы керек. Адам олар айтқандай, заңсыз алды деп айтылса да, (бұл тұста мәселенің анық-қанығын анықтау керек – Ж.А.), бұл азаматтық-құқықтық қатынас аясында шешілген, бірақ қылмыстық іске әлі жетпеген еді" деді Айтмағанбетов.

Құқық қорғаушы тінтуді қоғамдық белсенділігіне қысым ретінде бағалады. Ол кейінгі кезде сотта діни отбасының құқығын қорғап жүрген.

Азаттық тілшісі Қарағанды облысы полиция департаментіне комментарий сұрап хабарласты. Олар жауап беруге уәде берді. Жаңалық шыққанға дейін жауап түспеді.

Қарағанды облысында танымал құқық қорғаушы, заңгер Жасұлан Айтмағанбетов бұған дейін де қоқан-лоқыға шағымданған. Осыған дейін оның көлігінің дөңгелегін біреулер тесіп кеткен. Қарағанды, Астана, Алматы қалаларында құқық қорғау саласы бойынша жүргізген тренингтеріне кедергі жасаған. Интернетте оның отбасының жеке деректері және өзін қаралайтын видеолар жарияланған. Айтмағанбетов полиция, прокуратура, ҰҚК-ға көмек сұрап, қайырылғанмен нәтиже болмаған.

Былтыр көктемде мәжіліс депутаттағына бірмандаттық округтан кандидат ретінде тіркелмек болған кезде аймақтық сайлау комиссиясы "ерте үгіт-насихаты үшін" Айтмағанбетовті сайлаудан шеттеткен. Құқық қорғаушы сотқа жүгінгенмен жеңіліп қалған.

XS
SM
MD
LG