Accessibility links

Қамаудағы белсенді, журналист Әйгерім Тілеужанға жаңа қылмыстық іс қозғалды


Әйгерім Тілеужан
Әйгерім Тілеужан

Қамаудағы белсенді, журналист Әйгерім Тілеужанға жаңа қылмыстық іс қозғалды.
Бұл жөнінде адвокат Айнара Айдарханова Азаттыққа хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, белсендіге “Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру” (107-бап) бабы бойынша іс қозғалған. Бұл іс бойынша Әйгерім қорғануға құқығы бар куәгер атанған. Іс “өзге сотталушымен арада болған кикілжіңге” байланысты ашылған деп айтылады.

– Әйгерім мен бір сотталушымен арадағы жанжал 24 ақпанда болған. Сол күні-ақ [Әйгерімнің үстінен] арыз жазылған. Оны түрме әкімшілігі қарамаған. Бірден полицияға жіберіп, қылмыстық іс тіркелген. Қылмыстың істің нөмірі де бар. Онда Әйгерім қорғануға құқығы бар куәгер. Кеше (5 наурыз) анықтаушының қолындағы іс материалдарымен танысып шықтым. Онда арыздан басқа ештеңе жоқ. Сараптама жүргізілмеген. Видеоматериалдар да жоқ. Яғни, арыз берушінің сөзінен басқа онда ештеңе жоқ. Не себепті сараптама жүргізбей, 107 бабы бойынша іс қозғаған? Бұл сұраққа жауап берілген жоқ. Әдетте арыз түскен кезде мекеме оны өз ішінде қарайды. Арыз түсісімен бірден полицияға жіберген. Мұны Жоғарғы сотқа кассациялық арыз түсірер алдындағы арандату әрекеті деп санаймыз. Бәлкім, осылай жолмен Әйгерімді қаралағысы келген болар, - деді 6 наурызда Айнара Айдарханова Азаттыққа.

Адвокаттың сөзінше, Әйгерім Тілеужан сотталушы әйел өзін бір апта бойы арандатпақ болғанын айтқан. Іс Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірер алдында ашылып отыр.

Әйгерім Тілеужан Алматы облысы Жауғашты кентіндегі №10 (ЛА-155 колониясы) мекемеде қамауда отыр.

Азаттық республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінен жауап алуға тырысып жатыр.

2023 жылы 11 шілдеде Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соты 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен Әйгерім Тілеужанды төрт жарым жылға бостандығынан айырған. Онымен бірге мектеп мұғалімі, қоғам белсендісі Қалас Нұрпейісов және үш азаматтық белсенді Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсысын 8 жылға соттаған. Оларға "тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ғимаратқа шабуыл жасады", "автомобиль ұрлады" және "тонады" деген айып тағылған. Бесеуі де тағылған айыпты мойындамаған.

Алматы қалалық соты 10 қарашада үкімді күшінде қалдырған. Адвокаттар сот үкіміне кассациялық тәртіппен шағым түсіретінін хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG