Accessibility links

Юлия Навальная және Елена Зеленская Байденнің конгрестегі жолдауына қатысудан бас тартты


АҚШ президенті Джо Байден
АҚШ президенті Джо Байден

Ақпанда Ресей түрмесінде көз жұмған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың әйелі Юлия Навальная және Украина президентінің әйелі Елена Зеленская АҚШ президенті Джо Байден қатысатын конгресс жиынынан бас тартты. Бұл жөнінде The Washington post және "Украинская правда" басылымдары жазды.

Джо Байден 7 наурызда Вашингтонда кезекті жолдауын жасайды. The Washington Post басылымының жазуынша, Навальная және Зеленская АҚШ-тың бірінші ханымы Джилл Байденнің қонағы болуы керек болған. Навальная мен Зеленская Ресей президенті Владимир Путинге қарсылықтың бейнесі болуы тиіс еді.

Басылымның жазуынша, Украина қоғамында Навальныйдың өліміне әртүрлі көзқарас болғандықтан конгрестің Навальнаяны шақыру туралы шешімі Украинаға жақпай қалған болуы мүмкін. Украина президентінің кеңсесі Ақ үйдегі жиын Зеленскаяның жұмыс кестесімен "сәйкес келмегенін" мәлімдеді.

The Washington Post басылымының жазуынша, Зеленскаяның бас тартуының тағы бір себебі Украинаның республикалық партиядағы конгресмендерді Киевке 60 миллиард долларлық көмек пакетін мақұлдатуға күш салуымен байланысты болуы мүмкін.

Навальная да конгресске барудан бас тартқан. Саясаткердің баспасөз хатшысы Кира Ярмыш қайғылы оқиғадан кейін Навальнаяға демалыс қажеттігін алға тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG