Accessibility links

Жаңаөзенде арнайы жасақ жұмыс сұрап, аштық жариялағандарды ұстап әкетті. 71 адамның соты өтіп жатыр


Жаңаөзен жұмыссыздарының наразылығы.
Жаңаөзен жұмыссыздарының наразылығы.

6 наурыз таңғы сағат 4-5-тер шамасында Жаңаөзен әкімдігі алдында тұрақты жұмыс сұрап, аштық жариялағандарды арнайы жасақ ұстап әкетті. Бұл жөнінде жергілікті тұрғындар хабарлады. Олардың сөзінше, полиция аштық ұстамаған наразыларды да қоса алып кеткен. Кейбіріне күш қолданылғаны хабарланды. Жаңаөзен әкімдігі полицияның наразыларды ұстағанын растағанмен күш қолданғаны жөнінде ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Нақты қанша адамның ұсталғаны белгісіз. Жергілікті тұрғындар 70 шақты адам ұсталғанын айтады. Қалалық сот 71 адамның ісі қаралып жатқанын хабарлады.

Жаңаөзенде әкімдік алдында бір күн бұрын аштық жариялаған жұмыссыз азаматтарды арнайы жасақ ұстап әкеткенін Азаттыққа тұрғындар хабарлады. Олар жіберген видеода қара түсті киім киген арнайы жасақ адамдарды автозакқа отырғызып жатқанын көруге болады. “Бәрін қамап жатыр. Әкімдіктің алды” дейді видеоны алыстан түсіріп тұрған адам.

Жаңаөзен әкімдігі аштық жариялағандарды полиция ұстағанын растады, бірақ күш қолданғаны туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді. “Жалпы кезекті айналып өтіп, мұнай-газ саласына жұмысқа орналасу үшін аштық жариялағандар полиция бөліміне жеткізіліп, профилактикалық түсіндірме жұмыстарынан кейін заңсыз әрекеттері тоқтатылды” деп жазылған әкімдік хабарламасында. Әкімдіктің айтуынша, 23 адам аштық жариялаған.

Сәрсенбі күні күндіз Жаңаөзен тұрғыны Есберді Арсалы Азаттыққа ондаған адам ұсталғанын, кейбіріне айыппұл салынғанын айтты. Оның сөзінше, ұстау кезінде күш қолданылған.

Бүгін құрдасыммен сөйлестім. Оған 110 мың теңге айыппұл салған. Жұмыссыз болғандықтан 30 пайызға қысқартып, ақыры 77 мың теңге төлеуге міндеттелген. Аштық ұстаған 15 жігітті Ақтауға жауып жатыр дейді. 30 жігітке айыппұл салған, – дейді Есберді Арсалы.

Ақпаратқа қарағанда, 6 наурызда күндіз Жаңаөзен қалалық сотында шу болып, тұрғындар Ақтауға жіберілген наразыларды және кешеден бері хабар үзілген ұсталған азаматтарды қайтаруды талап еткен. Оқиға кезінде белсенді Жадыра Досекееваның ұсталғаны хабарланды. Кейін тұрғындар полицияға барып, ұсталғандарды босатуды талап еткен.

Полиция әзірге түсініктеме бермеді.

Азаттықа Жаңаөзен қалалық соты "таңертеңнен бері судьялар жұмыссыздарды жауаптап" жатқанын растады.

"71 адамның ісі қаралып жатыр. Қарап үлгермей жатыр, болған соң хабарлаймыз" деді сот қызметкерлері.

Жаңаөзен қаласының жүз шақты жұмыссыз тұрғыны ақпанның бірінен бері әкімдік алдына жиналып, тұрақты жұмыс тауып беруді талап ете бастаған. Олар талаптарына билік назар аудармады деп наурыздың бесінде аштық жариялайтындарын ескерткен өтініш түсірген. Аштық акцияларын бастамас бұрын президент Тоқаев пен Маңғыстау облысы әкімі Ноғаев, Жаңаөзен қаласы әкімінің атына үндеу де жариялаған.

– Бұл мәселеміз оң шешімін таппады. Күннің суық ызғарына азаматтарымыздың денсаулықтары сыр беріп ауыра бастады. Жергілікті басшылар мұң-мұқтажымызды тыңдап, әрекет жасамай отыр. Сол себепті азаматтарымыз осы әкімшілік ғимараты алдында аштық жариялауда. Мәселемізді шешуде талап етеміз, – дейді үндеуді оқығандардың бірі 5 наурызда.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG