Accessibility links

Қайрат Сатыбалды 732,8 млрд теңге қайтарды – Жемқорлыққа қарсы қызмет


Қайрат Сатыбалды (сол жақта) сотта отыр.  Астана, 20 қыркүйек 2022 жыл.
Қайрат Сатыбалды (сол жақта) сотта отыр. Астана, 20 қыркүйек 2022 жыл.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды 2022 жылдан бері құны 732,8 млрд теңге болатын заңсыз активтерді мемлекетке қайтарған. Бұл туралы жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Арман Тілеукенов 6 наурыздағы брифингте айтты.

"2022 жылдан бастап 1 триллион теңгеден аса ақша қайтарылды. Оның ішінде 732,8 млрд теңге Қайрат Сатыбалдыға қатысты қозғалған қылмыстық істің аясында қайтарылды" деді Тілеукенов.

Ведомство Сатыбалдының ақшасы қалай және қайдан қайтарылғанын айтпады.

Экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылы наурызда қамалды. Ол "Алдау немесе сенімге кіру арқылы мүліктік зиян келтіру" және "Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ұрлау" баптары бойынша айыпталған. Оған тағылған айып "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларымен байланысты. Ол аталған компаниялардың ірі көлемдегі қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген. 2022 жылы қыркүйекте сот оны алты жылға бас бостандығынан айырды. Ол қауіпсіздігі орташа колонияға жіберілген.

Қазір Қайрат Сатыбалдыға қозғалған тағы бір қылмыстық іс сотқа жіберілген. Бұл істе ол "Қылмыстық жолмен алынған кірісті жымқыру" бабы бойынша айыпталған. Ал "Салықтан жалтару" бабы бойынша тағы бір істе тергеу әлі аяқталмаған.

Қайрат Сатыбалды Назарбаев президент болып тұрған тұста елдегі ең ықпалды бизнесмендердің бірі болды. Forbes Kazakhstan журналы оның байлығын 163 миллион долларға бағалаған.

"Kaspi bank" акционері болған. "Alatau Capital Invest" компаниясы арқылы "Қазақтелекомда" үлесін иеленген.

XS
SM
MD
LG