Accessibility links

Әзербайжанда оннан астам журналист пен оппозиционер ұсталды


Toplum телеарнасын тінту кезінде сыртта тұрған полиция қызметкерлері. 6 наурыз, 2024 жыл.
Toplum телеарнасын тінту кезінде сыртта тұрған полиция қызметкерлері. 6 наурыз, 2024 жыл.

Әзербайжанда сәрсенбі күні тәуелсіз Toplum TV интернет-телеарнасының тоғыз журналисі, сонымен бірге кем дегенде үш саяси белсенді ұсталды.

Полиция журналистердің кейбірін Toplum редакциясын тінтіп шыққаннан кейін, қалғандарын үйлерінде ұстаған.

Тінту мен ұстау туралы мәліметтерді олардың туыстары Азаттық радиосы мен BBC телеарнасына хабарлаған. Әзербайжан ІІМ әзірге ешқандай мәлімет бермей отыр.

Бакуде Toplum TV редакциясын тінту таңертең басталған. Журналистердің туыстарының айтуынша, оларды полиция алып кеткен, содан бері байланыс жоқ. Тәуелсіз интернет-телеарнаның бас редакторы Хадиджа Исмаилдың мәлімдеуінше, қудалауға не себеп болғаны белгісіз, Toplum-ға қарсы іс қозғауға заң тұрғысынан ешқандай негіз жоқ.

«Біздің ешқандай қылмысқа, ешқандай заңға қайшы әрекетке қатысымыз жоқ. Бұны елде жүріп жатқан қуғын-сүргіннің кезекті қадамы деп білеміз» дейді бас редактор.

Азаттықтың Әзербайжан қызметінің хабарлауынша, Toplum қызметкері Фарид Исмаилилов үйінде ұсталған. Журналистің туыстарының айтуынша, тінту кезінде үш мыңнан астам еуроны тәркілеген. Азаматтық белсенді Акифа Гурбановтың үйін де тінтіп, артынша үй иесін ұстаған. Полиция тінту кезінде адвокаттарға Гурбанов пен Исмаилиловтың үйлеріне кіруге рұқсат бермеген.

Toplum TV – тәуелсіз интернет-телеарна. Онда Әзербайжандағы адам құқықтарының бұзылуы, сыбайласқан жемқорлық туралы зерттеулер де жарияланып тұрады.

Ұсталған үш белсенді - Акиф Гурбанов, Араз Әлиев және Руслан Иззетли «III Республика тұғырнамасы» қоғамдық қозғалысының мүшесі. Ұйым президент билігін шектеуді, Әзербайжанда парламенттік басқару формасын енгізуді ұсынады. Қозғалыс кеңсесі де тінтілген.

2023 жылдың аяғынан бері Әзербайжанда он шақты журналист ұсталған. Олардың дені «Абзас Медиа» басылымында істеген. Журналистерді осы іс аясында ұстау былтыр 20 қарашада басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG