Accessibility links

Ақтөбе облысындағы 8 адам қаза болған жол апаты: Қылмыстық іс қозғалды, үш адам ауруханаға түсті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысында 8 адам қаза болған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды. “Көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралын пайдалану қағидаларын бұзу” бабымен қозғалған іс бойынша бірнеше сараптама тағайындалды" деп хабарлады облыстық полиция.

6 наурызда таңертеңгі 8 жарым шамасында Ақтөбе-Астрахань тас жолының 120-шы шақырымында жол апаты болып, сегіз адам қаза болған еді. Оның төртеуі бала. Ақпаратқа қарағанда, Toyota Hilux және LADA Largus автокөліктері соқтығысқан. LADA Largus көлігі жанып кеткен.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, салонындағы сегіз адам түгел жанып кеткен LADA Largus-пен соқтығысқан Toyota Hilux-тегі үш адам ауруханаға түскен.

“Үшеуінің де жағдайы тұрақты. Ерлі-зайыптылар жабық бас миы жарақатын алған, милары шайқалған. Олардың 14 жастағы баласы қатты шошып қалған, миы шайқалған” дейді дәрігерлер.

Оқиға куәгерлері сәрсенбі күні Ақтөбе-Астрахань тас жолының бойы қалың тұман болғанын айтады. Бұл бағыттағы тас жолдың бойын бүгін (7 наурызда) де тұман басып тұр. Бейсенбі күні Азаттық тілшісі жол бойында полиция көлігі көбейіп, тексерісті көбейткенін байқаған. Ақтөбе полициясының мәліметінше, биыл (екі айда) осы өңірде 69 жол апаты болып, 18 адам қаза болған, 91 адам түрлі жарақат алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG