Accessibility links

Қазақстан қорғаныс министрлігі ресейлік БАҚ ақпаратын жоққа шығарды


"Астана мен Киев қару-жарақ саудасын талқылап жатыр" деп ресейлік БАҚ таратқан ақпаратты Қазақстан қорғаныс министрлігі жоққа шығарды.

Министрліктің Telegram-арнасына жариялаған ресми түсініктемесінде "БАҚ пен әлеуметтік желілерде таратылған Қазақстан Украина Қарулы күштерінің қажеті үшін ресейлік әскери өнімдерді сатып алу туралы "Укрспецэкспортпен" келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. 2022 жылдан бастап Қазақстанда қару-жарақ пен әскери техниканы экспорттауға тыйым салынғанын хабарлаймыз. Мұндай тұспалдар Қазақстан Республикасының беделін түсіруге бағытталған. Осыған байланысты азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарынан таратылған қауесеттерге көңіл аудармауды және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді сұраймыз" делінген.

Мұндай ақпаратты 7 наурыз күні ресейлік "РИА Новости" агенттігі аты-жөнін көрсетпеген әлдебір дереккөзге сілтеп таратқан. Басылымның жазуынша, дереккөз "Жақында Украинаның "Укрспецэкспорт" мемлекеттік компаниясы Украина қарулы күштеріне керек өнімдерді алу жөнінде келіссөз бастағаны белгілі болды. Жіптің ұшы Астанада тіркелген Navico ЖШС, "BSKey company" "ИГТ" ЖШС, "Сыздықов Т.С." серіктестігіне апарады. Қазақстан Украинаға "СУ-24" және "МиГ-29" ұшақтарына қажет Ресейде өндірілген қосалқы бөлшектерді жіберуі мүмкін. Көпвекторлы саясат ұстанатын Қазақстан басшылығында Украинадағы жағдайға байланысты жасырын картасы бар шығар" деген.

Украинаға соғыс ашқан Кремлдің басқыншылығын Қазақстан билігі жария түрде айыптамаған және ашық қолдамаған. Ресейдің әрекетін кінәлайтын БҰҰ қарарларына дауыс берерде де Қазақстан тарабы көбіне қалыс қалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы маусым айында Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Украина шығысында өздерін дербес ел деп жариялап, кейін Ресейдің құрамына кіріп кеткен "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарын ресми Астана тәуелсіз ел ретінде мойындамайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG