8 наурызда Бішкекте халықаралық әйелдер күніне байланысты әйел құқығына арналған марш өтті. "Әйелдің тұрмысы – заманның айнасы" деген ұранмен өткен шерудің қатысушылары қыз-келіншектерге зорлық-зомбылықты жойып, әйелдердің еркіндігін қамтамасыз етіп, сөз бостандығын қорғауды талап етті.
Бұрынғы күйеуінен таяқ жеген Асел Ногойбаева жұрт алдында сөйлеп, полицияны тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа көз жұмбауға шақырды.
Бішкекте 8 наурызда әйелдер мәселесін көтеретін марш жыл сайын болады. 2023 жылғы маршта да әйелдер еркіндік, білім алу құқығын, теңдік және зорлық-зомбылықтан қорғауды талап еткен еді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен сарапшылар Қырғызстан билігін "тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шетке ысырмауға", бұл мәселе дағдарысқа айналғанын мойындауға шақырып келеді.
Қырғызстан ІІМ мәліметінше, 2023 жылы 13 104 тұрмыстық зорлық-зомбылық тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 32,6 пайызға көп. Бұған қоса, 2023 жылы қазанда Әйелдер қауіпсіздігі индексінде Қырғызстан Орталық Азиядағы әйелдерге қауіпті ел ретінде көрсетілген.
7 наурызда Қырғызстан 2030 жылға дейін әйелдердің көшбасшылығын қолдайтын мемлекеттік бағдарлама қабылдаған. Бұл жоба әйелдердің саясат, экономика және елдің қоғамдық өміріне белсене араласуды қамтамасыз етуі тиіс.
Алматы әкімдігі бұл жолы феминистерге Қазақстандағы әйелдер құқығына арналған марш я митинг өткізуге рұқсат бермеген. Фем-белсенділер әкімдіктен митингіге рұқсат беруді талап етіп, пикеттер өткізгенімен, Алматы басшылығы шешімін өзгертпеді. Оның орнына Алматы әкімдігі 7 наурызда "Әйелдердің лайықты өмірі үшін" деп аталатын митингіге рұқсат берген. Фем-белсенділер бұл митингіні "билікшіл" топтар ұйымдастырғанын айтады.
ПІКІРЛЕР