Accessibility links

Алматыда "саяси тұтқындарды" қолдап, жиын өткізбек болған Рысбек Сәрсенбайұлын полиция күштеп ұстап, кейін босатты


Рысбек Сәрсенбайұлы
Рысбек Сәрсенбайұлы

9 наурызда Алматыда полиция Республика алаңында "саяси тұтқындарды" қолдап, жиын өткізбек болған қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлын күштеп ұстап, кейін босатты. Ұстау кезінде қоғам белсендісінің жағдайы нашарлап, ауруханаға жеткізілді. Полиция "заңсыздық болғанын" мойындамады.

Полиция Рысбек Сәрсенбайұлы мен оның әйелі, құқық қорғаушы Маржан Аспандиярованы сенбі күні күндіз үйінің маңында күштеп ұстады. Аспандиярованың сөзінше, ұстау кезінде полиция дөрекі күш қолданған.

"Өте жаман жағдай! Полиция бізді қатты күш көрсетіп, алып кетіп бара жатыр. Рысбек ағаларыңызға қатты күш қолданды. Бұлар шектен шығып кетті! Қан қысымы көтерілді! Өте қиын жағдай болып тұр. Көмек көрсетуге мүмкіндік бермеді. Сұмдық! Бассыздық!" деп хабарлады Маржан Аспандиярова 9 наурызда 11 шамасында.

Талғар аудандық полиция басқармасына жеткізілгеннен кейін ол жаққа жедел жәрдем көлігі шақыртылып, Рысбек Сәрсенбайұлы ауруханаға жеткізілді. Ізінше реанимация бөлімінде емделіп жатқаны хабарланды. Ақпаратқа қарағанда, Маржан Аспандияроваға да медициналық көмек көрсетілген.

Түстен кейін Рысбек Сәрсенбайұлын қолдаған жұрт аудандық ауруханаға жиналды. Сенбі күні кешке қарай Рысбек Сәрсенбайұлы реанимациядан шығарылды. Маржан Аспандиярова "өздеріне ауруханаға жатуға кеңес берілгенін", "алайда қиналып жатқан науқастарды көріп, орын алмайық, жәрдемге зәру болып тұрған адамдарға мүмкіндік берейік деп ауруханадан шығу туралы шешім қабылдадық" деді.

Рысбек Сәрсенбайұлы журналистер мен өзін қолдап келген азаматтарға болған жайтты баяндады. Оның сөзінше, өздеріне күш қолданған полиция қызметкерлері аудандық басқармаға не үшін әкетпек болғанын нақты түсіндірмеген.

– Бұлар баспасөз жиынын өткіздіртпес үшін осындай жексұрын әрекетке барды. Ұят! Полициялардың соншалықты топастанып кеткеніне тіпті айтарға сөзім жоқ. Әйтеуір жеткізу керек. Ол заңды ма, заңсыз ба, оған қарап жатқан жоқ...Бірнеше полиция жабылды. Арасында полиция киімі жоқ, куәлігін көрсетпеген, аты-жөнін сұрасақ та айтпаған адамдар болды. Сонда олар қарақшыларды жалдап әкеліп отыр ма? Біз осындай заңсыздық болмасын деп талап ету үшін, азаматтардың бостандықтары сақталсын деп, саяси себеппен қудалауға ұшырап жатқанын азаматтарды қудалауды тоқтату үшін баспасөз мәслихатын өткізейік дегенбіз. Билікке арнайы мәлімдеме дайындап алып шықтым. Міне, енді соның өзіне кедергі жасап, осындай әрекетке бару бұл енді ақымақтың ақымағының қолынан келетін іс. Жағамызға жармасып, қолымызды қайырып жатқан полицияны былай қойғанда сонда ішкі стер министрі кім болғаны?! Қандай күйге жеткенбіз? - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Бұған дейін адвокат Жалғас Сапарханова Рысбек Сәрсенбайұлы үстінен "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғанын, оған журналист Думан Мұхаммедкәрімді қолдап, Қонаев қаласында өткен сотқа баруы түрткі болғанын айтқан. Полиция "осы істі алға тартып, белсенділерді ұстағанын" айтқан. Адвокат бүгінгі күш қолдануға қатысты арыз түсіретінін де айтты.

Ал Алматы облыстық полициясы белсенділерді ұстау кезінде "заңсыздық" болғанын мойындамады. Облыстық полицияның баспасөз хабарламасында қозғалған әкімшілік іс бойынша Рысбек Сәрсенбайұлы "ішкі істер бөліміне" жеткізілгенін, полицияға жеткізу кезінде "Рысбек Сәрсенбайұлы қан қысымына шағымданғанын, жедел жәрдем шақырылғаны" жазылған.

"Қазіргі уақытта Рысбек Сәрсенбайұлы медициналық мекемеге тексеруге жіберілді. Полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері мен күш қолдануына жол берілмеді" деп жазылған полицияның түстен кейінгі хабарламасында.

Қазақстанда полицияның азаматтарды ұстау кезінде күш қолдануы жиі кездеседі. Осы аптада полиция белсенді Абзал Достияровты ұстау кезінде де күш қолданғаны айтылған. Белсендінің қорғаушысы оны "ұстау кезінде полиция күш көрсетіп, заң бұзды" деп прокуратураға арыз тапсырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG