Accessibility links

ВВС: Израиль Газадан өтетін жол салуды аяқтады

Израиль әскері Газа секторының солтүстігі арқылы шығыстан батысқа қарай өтетін жаңа жол салуды аяқтады. Бұл туралы спутник суреттерге сүйенген ВВС агенттігі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, сектордың солтүстігіндегі жол Газа мен Израиль шекарасында тұрған Нахаль-Оз кибуцы маңындағы бөгеттен басталып, жағалауға жақын жерде бітеді.

Израиль армиясының өкілдері ВВС-ге жаңа бағыт әскер мен техника қозғалысын жеңілдетуі керек деді.

Журналистер Газада сектордың шығысы мен батысын байланыстыратын жолдар бар екенін айтады, бірақ жаңа жол үздіксіз жүретін жалғыз бағыт болмақ.

Бұл жол Газаның басқа бөлігіне қарағанда ғимараттары мен тұрғыны аз аумақ арқылы өтеді. Ақпанда израильдік телеарналардың бірі бұл бағыттың "749-күре жол" деген кодтық атауы барын мәлімдеді.

BBC сұхбаттасқан кей адам Израиль бұл жолды солтүстікте тұрған палестиналықтардың үйіне оралуына жол бермес үшін тосқауыл ретінде пайдалануы мүмкін деп қорқады.

Ал кей сарапшылар жаңа жол салу Израильдің соғыс аяқталған соң Газа секторында қалу жоспарын көрсетеді деп санайды. Бұған дейін Израиль билігі соғыс аяқталғаннан кейін өз әскерін секторда қалдыратын жоспары жоқ екенін айтқан еді.

Ақпанның соңында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль қорғаныс армиясының орта мерзімде Газаны күштік бақылауға алатыны, сондай-ақ Израиль мен сектор шекарасында буфер аймағы құрылатыны жазылған құжат ұсынды, бұған дейін бұл идеяны көптеген ел, соның ішінде Израильдің одақтастары құптамады, оның арасында АҚШ та бар. Құжатта Израиль сектордың оңтүстік шекарасын бақылауға алатыны, Газаның қарусызданып, оның білім беру және басқа да азаматтық мекемелері "дерадикализация" процесінен өтуі керек екені айтылған.

XS
SM
MD
LG