Accessibility links

НАТО Ресейдегі снаряд өндірісін Батыстан үш есе жоғары деп бағалады


Ресей Украинаға артиллерия снарядтарын жеткізетін АҚШ пен Батыс елдеріне қарағанда оны үш есе көп шығарып жатыр. Бұл туралы Солтүстік Атлантика ұйымының бағалауына сүйенген CNN арнасы хабарлады. CNN дереккөздерінің мәліметінше, Мәскеу айына 250 мың артиллерия снарядын жасаса, Батыс елдері Украина үшін оның 100 мың данасын шығара алады.

CNN сөйлескен НАТО шенеунігінің айтуынша, Ресейдегі артиллерия зауыттары күні-түні үш ауысымда жұмыс істейді. Одан бөлек, Мәскеу снарядтарды басқа елдерден, көбіне Солтүстік Корея мен Ираннан сатып алады. "Ресей қолындағы барын ойынға салды, — деді барлау өкілі арнаға. — Олардың әскери машинасы барынша жылдам жұмыс істеп жатыр".

Бірқатар дереккөздің хабарлауынша, қазір Украина әскеріне снаряд жетпей жатыр. Ресей күніне шамамен 10 мың снаряд пайдаланса, Украина — шамамен 2 мың снаряд қолданады деп айтылады. Ал Батыс елдері қажет снарядтарды сыртқы нарықтан сатып алу және өндірісті ұлғайту мүмкіндіктерін іздеп жатыр.

Наурыздың басында Der Spiegel журналы Батыс елдерінде көбірек снаряд шығаруға оқ-дәрі жетпей жатуы мүмкін деп жазды. Материалда ірі нитроцеллюлоза өндірушілердің бірі Қытай оқ-дәрінің негізгі компонентін Еуропаға жеткізуді тоқтатқаны айтылған. Бірақ тәуелсіз зерттеулерге сәйкес, оны Ресей нарығына жеткізу жалғасып жатыр.

XS
SM
MD
LG