Accessibility links

Қырғызстанда қамаудағы Temirov LIVE журналисін үйқамаққа ауыстырды


Журналист Сапарбек Акунбеков
Журналист Сапарбек Акунбеков

Бішкектің Бірінші май аудандық соты Temirov LIVE журналисі Сапарбек Акунбековтің бұлтартпау шарасын өзгертті. Бұл туралы 12 наурызда Азаттыққа соттың баспасөз қызметі хабарлады.

7 наурыздағы сот шешіміне сәйкес, Акунбековтің бұлтартпау шарасын 13 мамырға дейін үйқамақта ұстауға ауыстырды. Бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішті ІІМ тергеушісі және журналистің адвокаты берген.

16 қаңтарда Қырғызстан ІІМ Temirov LIVE зерттеу жобасының бұрынғы және қазіргі 11 журналисін ұстаған. Келесі күні, 17 қаңтарда Бірінші май аудандық соты ұсталғандардың бәрін Бішкектің тергеу изоляторына екі айға қамады.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі "жаппай тәртіпсіздікке шақырғаны үшін журналистердің үстінен іс қозғалды" деп хабарлаған. Temirov LIVE жобасының негізін қалаған Болот Теміров журналистердің ұсталуын командасының жұмысымен байланыстырады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, парламенттің бірқатар депутаты мен Қырғызстанның медиа қауымдастығы журналистерді қолдап, мәлімдеме жасады. Олар Қырғызстан билігін журналистерді босатуға және оларға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуға үндеді.

Журналистердің ұсталғаны жөнінде президент Садыр Жапаров "Кабар" агенттігіне берген сұхбатында Қырғызстанда сөз еркіндігі барын және адамдар оның жойылуына жол бермейтінін айтқан.

"Жағдай нашарлады деп айтатындардың өзі оны тұрақсыз етуге мүдделі. Олар "сөз еркіндігі" терминін желеу етіп, ойына не келсе, соны істейді. Олар "жалған патриоттар", – деген Жапаров.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG