Accessibility links

Пентагон: Қытай гипердыбыстық қару бойынша Ресей мен АҚШ-тан алда келеді


Киевте атып түсірілген ресейлік гипердыбыстық "Кинжал" ракетасын залалсыздандыруға тырысып жатқан мамандар. Киев, 5 қаңтар 2024 жыл
Киевте атып түсірілген ресейлік гипердыбыстық "Кинжал" ракетасын залалсыздандыруға тырысып жатқан мамандар. Киев, 5 қаңтар 2024 жыл

Қытай гипердыбыстық қару жасау жағынан Ресей мен АҚШ-тан айтарлықтай озып кетті. 12 наурызда конгрестегі тыңдау кезінде АҚШ қорғаныс министрлігінің барлау басқармасы (DIA) жетекшілерінің бірі осылай деп мәлімдеді.

Барлау басқармасының мәліметінше, Қытайда ядролық және кәдімгі оқтұмсықтарды алып жүре алатын ірі арсенал жинақталған. Америка сарапшыларының пікірінше, олардың ішіндегі ең тиімдісі - 2020 жылы қару қатарына алынған DF-17 гипердыбыстық ракеталық кешен. Ол 1600 шақырым жердегі нысандарды жоя алады. 2021 жылы сынақ кезінде жер шарын айналып өткен. Пентагон өкілдерінің айтуынша, Ресейде гипердыбыстық қарудың үш түрі бар. Олар Украинаға соққы жасау кезінде пайдаланылған.

"Қытай мен Ресей гипердыбыстық қаруларын талай рет сәтті сынаған. Жүйелерін әскери дайындыққа көшірген. Мұндай жүйелердің саны бойынша және инфрақұрылым бойынша Қытай Ресейден алда тұр" деді тыңдау кезінде АҚШ барлау басқармасының жетекші ғылыми қызметкері Пол Фрейстлер.

Оның сөзінше, кейінгі 20 жылда Қытай қарудың осындай түрлерін жасау және сынау бойынша зерттеулермен белсене айналысқан. 2014 жылдан бастап Пекин құрлықаралық гипердыбыстық ракеталарды сынап жатыр.

АҚШ гипердыбыстық қару жасау бағдарламасы аясында әуе, құрлық және теңізден ұшырылатын ракеталар әзірлеп жатыр. Алайда Америка өкілдерінің айтуынша, АҚШ бұл тұрғыда Қытай мен Ресейден артта қалып келеді. АҚШ гипердыбыстық ракеталарын ядролық оқтұмсықтармен жабдықтауды жоспарлап отырған жоқ, себебі Американың қазіргі ядролық арсеналы басқыншыларды тежеуге шамасы жетеді деп санайды.

XS
SM
MD
LG