Accessibility links

Кабулда Өзбекстан мен "Талибан" үкіметтерінің өкілдері келіссөз жүргізді


Өзбекстан дипломаттары және "Талибан" өкілдері келіссөз жүргізіп жатыр. Кабул, 12 наурыз 2024 жыл.
Өзбекстан дипломаттары және "Талибан" өкілдері келіссөз жүргізіп жатыр. Кабул, 12 наурыз 2024 жыл.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Бахтиер Саидов 12 наурызда Ауғанстан астанасына барып, тәліптерден жасақталған үкімет өкілдерімен кездесті.

Министр Саидовтың айтуынша, Кабулға сапар барысында ол Ауғанстанның уақытша үкіметінің өкілдерімен – премьер-министр қызметін уақытша атқарушы Молла Мохаммад Хасан Ахундпен, премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарушы Мавлави Абдул Салам Ханафимен, сонымен бірге бірнеше тәліп министрімен кездескен.

Саидов Өзбекстан сыртқы істер министрі ретінде Ауғанстанға алғаш рет сапарлап отыр.

Бір жыл бұрын Өзбекстанның бұрынғы сыртқы істер министрі Абдуләзіз Комилов "Талибан" өкілдерімен келіссөз жүргізген. Ақпанның басында Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы Абдусалом Әзізов Кабулда тәліптердің уақытша қорғаныс министрі Мохаммад Якубпен кездескен.

Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Каримов бұрын "Талибан" билігімен ешқандай байланыс орнатпаған, ал қазіргі президент Шавкат Мирзияев 2021 жылғы тамызда Кабулда билікті басып алған тәліптермен әріптестік орнату жолын таңдаған.

2022 жылғы желтоқсанда Мирзияев "Талибан" үкіметімен әріптестік орнатуға дайын екенін мәлімдеген.

Қазақстан да бұған дейін "Талибан" қозғалысын террористік ұйымдар тізімінен шығарып, әріптестік орнатқан. Екі елдің арасындағы сауда және экономикалық қарым-қатынасты дамыту үшін Астана былтыр тамызда Қазақстан – Ауғанстан бизнес-форумын өткізді. Нәтижеде Қазақстан кәсіпорындары Ауғанстанға 200 миллион доллардан астам сомаға ұн мен бидай тасымалдайтын болды. 2022 жылы Кабул Қазақстаннан 1,30 миллион тонна ұн сатып алған, осылайша Ауғанстан Өзбекстан мен Тәжікстаннан кейінгі ең ірі ұн сатып алушыға айналды. Кей сарапшылар Астана Кабулмен серіктестікті күшейту арқылы аймақтағы амбициясын іске асыруды көздейді деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG