Accessibility links

CPJ Қырғызстан билігін қамаудағы журналистерді босатуға шақырды


Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) Қырғызстанда қамау мерзімі ұзартылған жемқорлық жайында зерттеп келген сегіз журналистің тағдырына алаңдайтынын мәлімдеді.

"Қырғызстан билігі "Теміров Live" телеканалының журналистерін тез арада босатып, тәуелсіз басылымдарды қуғындауды тоқтату кереу" деп жазылған комитеттің 13 наурызда жариялаған мәлімдемесінде.

"Журналистерді қорғау комитетінің" Еуропа және Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Гүлноза Саид Қырғызстанда журналистерді жаппай ұстау сөз бостандығына қысым жасаудың артып келе жатқанын білдіреді деп атап өтті. Оның сөзінше, журналистердің қамау мерзімін ұзарту репрессиялық бағыттың жалғасып жатқанын білдіреді.

Бішкектің Бірінші май аудандық соты Temirov LIVE жобасының журналистері Ақыл Орозбеков, Айке Бейшекеев және Мақсат Тәжікбекұлын қамауда қалдыру жөнінде шешім шығарған.

Бұдан бөлек "Арча Медиа" журналисі Сайпидин Султаналиев, "ПолитКлиника" қызметкері Тыныстан Асыпбек және "Алга Медиа" журналисі Ақтілек Капаровты тергеу абақтысында қалдырды.

Сот шешіміне сәйкес, олар 13 мамырға дейін тергеу абақтысында қалады.

Осының алдында сот Temirov LIVE журналисі Сапарбек Акунбековтің бұлтартпау шарасын өзгерткен. Оны 13 мамырға дейін үйқамақта ұстауға ауыстырған. Бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішті ІІМ тергеушісі және журналистің адвокаты түсірген.

16 қаңтарда Қырғызстан ІІМ Temirov LIVE зерттеу жобасының бұрынғы және қазіргі 11 журналисін ұстаған. Келесі күні, 17 қаңтарда Бірінші май аудандық соты ұсталғандардың бәрін Бішкектің тергеу изоляторына екі айға қамады.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі "жаппай тәртіпсіздікке шақырғаны үшін журналистердің үстінен іс қозғалды" деп хабарлаған. Temirov LIVE жобасының негізін қалаған Болот Теміров журналистердің ұсталуын командасының жұмысымен байланыстырады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, парламенттің бірқатар депутаты мен Қырғызстанның медиа қауымдастығы журналистерді қолдап, мәлімдеме жасады. Олар Қырғызстан билігін журналистерді босатуға және оларға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуға үндеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG