Мәскеу қаласының солтүстік-батыс округының прокуратурасы 13 наурызда ресейлік "Путь домой" қозғалысының белсендісі Мария Андрееваға ресми түрде ескерту жасады. Бұған Андрееваның 17 наурызда сағат 12-де "рұқсат етілмеген қоғамдық шараға" қатысатындығы түрткі болған.
Андреева жариялаған құжатта оның әлеуметтік желідегі парақшасынан "экстремистік белгілер бар заңға қайшы әрекет әзірлеп жатқаны жөнінде" мәлімет табылғаны жазылған.
Бұған дейін бірқатар ресейлік оппозиционерлер Владимир Путиннің саясатымен келіспейтін азаматтарды 17 наурызда сайлау учаскелеріне келіп, "жасырын" наразылыққа қатысуға шақырған. Идеяны Навальный командасы мен ресейлік оппозиционер Михаил Ходорковский де қолдаған.
Ресейде президент сайлауы 15-17 наурыз аралығында өтеді. Тәуелсіз сарапшылар мен бақылаушылар сайлау әділ өтпейтінін және бәсеке жоғын қазірден бастап айтып жатыр. Сайлауға бірде-бір шынайы оппозициялық кандидат жіберілген жоқ.