Accessibility links

Франция, Германия және Польша бірігіп, Киевке снарядтар жеткізеді


Эммануэль Макрон, Олаф Шольц және Дональд Туск 15 наурызда Берлинде күш қосып, Украинаға қару-жарақ пен әскери техника жеткізуге келісті
Эммануэль Макрон, Олаф Шольц және Дональд Туск 15 наурызда Берлинде күш қосып, Украинаға қару-жарақ пен әскери техника жеткізуге келісті

"Веймар үштігінің" өкілдері — Франция, Германия және Польша —Украинаға тасымалдайтын қару-жарақ көлемін арттыру бойынша келісімге қол жеткізді. Бұл жөнінде Euronews жазды. Ақпаратқа қарағанда, Еуропа комиссиясы снаряд өндірісі үшін тағы 500 млн еуро бөлген.

Германия канцлері Олаф Шольц 15 наурызда Франция президенті Эммануэля Макрон мен Польшаның премьер-министрі Дональд Тускты қабылдады. Оның сөзінше, олар төрт басым бағыт бойынша келісімге келген, арасында халықаралық нарықтан ірі көлемде қару-жарақ сатып алу туралы келісім де бар.

"Әскери техника өндірісі кеңейтіледі. Бұл Украинадағы әріптестермен ынтымақтастық орнатып та жүзеге асырылмақ. "Рамштайн" форматы аясында алысқа ұшатын ракеталық артиллерияға арналған мүмкіндіктер коалициясын құрамыз. Бұған қоса, ЕО аясында қолдауды арттырамыз" деді Германия канцлері Олаф Шольц.

Франция президенті Эммануэль Макрон үш елдің жігері Ресейдің жеңуіне мүмкіндік бермейді деп мәлімдеді.

15 наурызда Еурокомиссия артеллериялық снарядтар өндірісін арттыруға 500 млн еуро бөлді. Бұған дейін Еуроодақ Украинаға бір миллион артиллериялық снаряд жеткізуге уәде берген, алайда бұл міндеттемені орындай алмады деп жазды Euronews.

Үшжақты саммит қарсаңында Польша премьері Киевке осыншалықты көлемде көмек көрсету үшін үштікке "тұтас Еуропаны жұмылдыруына" тура келеді деді. "Америка дауысы" сайтының жазуынша, Украина жуырда майданда сәтсіздікке ұшыраған, себебі Украина қарулы күштері оқ-дәрі тапшылығына ұшыраған, ал Батыстан келетін көмек сарқылған.

Президент Джо Байден осы аптада АҚШ-тың кейінгі кезде жеткізген көмегі – 300 млн доллар жеткіліксіз болғанын мойындады.

Украинаға 60 млрд доллар көмек беруді қарастыратын құжат конгресте әлі талқыланып жатыр.

XS
SM
MD
LG