Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев тәжік әріптесі Саймумин Ятимовпен кездесті. Шенеуніктер қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау және демаркациялау мәселелері бойынша өз елдерінде құрылған үкімет делегациясына жетекшілік етеді.
Кездесу жөнінде хабарлаған Қырғызстан үкіметі кездесу қашан өткенін жазбады, алайда келіссөз Тәжікстанның Соғды облысы Бустон қаласында болғанын айтты. Министрлер кабинетінің баспасөз қызметінің дерегінше, кездесу кезінде Ташиев пен Ятимов ортақ шекараны делимитациялау мәселелерін талқылап, өз үкіметтеріндегі "жұмыс тобына" екі ел арасында қалған учаскелердің шекарасын анықтау жұмыстарын жүргізу туралы нақты тапсырмалар берген.
Ақпан айында Қырғызстан билігі қырғыз-тәжік шекарасында ортақ дала зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін 1,11 шақырым келісілгенін хабарлаған. Оның алдында қаңтарда тараптар ортақ шекараның 38,35 шақырымын анықтап келіскен.
Өткен айда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қырғызстан сыртқы істер министрі Жиенбек Кулубаевпен кездесу кезінде кейінгі төрт айда Қырғызстан мен Тәжікстан 196 шақырымды қамтитын аумақтың жобалық және шартты сипаттамасын бекіткенін мәлімдеген.
Қырғызстан мен Тәжікстанның 972 шақырымдық ортақ шекарасы бар. 2022 жылы екіжақты келіссөзден кейін Қырғызстан және Тәжікстан басшылары жалпы ұзындығы 664 шақырым болатын аумақты келіскенін мәлімдеген.
Қалған даулы жер шекара маңында тұратын екі ел тұрғындары арасындағы жанжалға жиі түрткі болады. Ең ірісі 2022 жылы болды.