17 наурыз - Ресейде үш күнге созылған президент сайлауының соңғы күні. Тәуелсіз бақылаушылар мен сарапшылар сайлауды еркін емес әрі бәсеке жоқ деп бағалаған. Сайлауға бірде-бір оппозиция кандидаты жіберілген жоқ.
Сайлаудың алғашқы күні – 15 наурызда ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың қатысу белсенділігі 38 пайыз болған. Екінші күн бұл көрсеткіш – 58 пайыз болды. Сайлау учаскелерін өртеу және бюллетеньдерді бүлдіру талпыныстары болған, бюллетень жәшіктеріне сия және жасыл дәрі құю оқиғалары тіркелген.
Жексенбі күні оппозиция "Путинге қарсы талтүс" акциясын жариялаған. Оның мәні – 17 наурызда түскі сағат 12-де сайлау учаскесіне барып, “негізгі кандидаттан” басқа адамға дауыс беру – осылайша Путин жариялаған соғыс пен саясатына қарсылық білдіру.
Прокуратура “Путинге қарсы талтүс” акциясына қатысушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескерткен.
Қазақстандағы Ресей азаматтары да Астана және Алматы, Өскемендегі Ресей өкілдіктерінде келіп дауыс беріп жатыр.
Ресей президентін сайлау аннексияланған Қырым мен орыс әскері басып алған Украинаның Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарында да өтіп жатқаны хабарланған.
Сайлау бюллетенінде төрт кандидаттың есімі бар: қазіргі президент Владимир Путин (өзін-өзі ұсынушы), Владислав Даванков ("Новые люди"), Леонид Слуцкий (ЛДПР) және Николай Харитонов (КПРФ – коммунистер).