Accessibility links

Путин Навальныйдың қазасы туралы айтты


Алексей Навальныйдың қабіріне қойылған бюллетеньдер. Ресей президентін сайлау кезінде түсірілген фото. Мәскеу, 17 наурыз, 2024 жыл.
Алексей Навальныйдың қабіріне қойылған бюллетеньдер. Ресей президентін сайлау кезінде түсірілген фото. Мәскеу, 17 наурыз, 2024 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудегі "Гостиный дворда" өткен баспасөз мәслихатында Ямал-ненец автономиялық округіндегі түрмеде көз жұмған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың қазасы туралы сөйледі. Путин марқұмның есімін емес, сойын ғана айтты.

Путин оппозиционердің өлімін "қайғылы оқиға" деп атады және Навальный Ресейге оралмайды деген шартпен оны айырбастау мәселесін талқылағанын растады.

Путиннің сөзінше, оған Навальныйды Батыс елдеріндегі тұтқындарға айырбастау идеясын президент әкімшілігіндегі адамдар емес, "кей әріптесі" айтқан.

"Менімен сөйлескен адам сөзін аяқтамай жатып "келісемін" дедім. Бірақ өкініштісі, болар іс болды. Егер біз оны қайта оралмасын деп айырбастайтын болсақ, сол жерде отырсын деген бір шарт қойдым" деді Путин.

Бұған дейін "Агентство" және ағылшын тіліндегі басылымдар Ресей түрмеде отырған Алексей Навальныйды, америкалық журналист Эван Гершковичті және АҚШ-тың бұрынғы теңізшісі Пол Уиланды босатуға дайын болған деп хабарлаған. Оның орнына Ресейге Германия түрмесінде отырған Вадим Красиков пен "АҚШ-та сотталған ресейліктердің бірін" беру мәселесі қарастырылғаны айтылды. Красиков Шешенстанның дала командирі Зелимхан Хангошвилиді өлтіргені үшін өмір бойына сотталған.

Жексенбі, 17 наурызда Ресейде президент сайлауға дауыс беру аяқталды. Бюллетеньдердің 80 пайызы есептеліп болғаннан кейін, оның қорытындысы бойынша, Владимир Путин 87 пайыздан астам дауыспен озды деген ақпарат тарады.

Сайлаушылар Навальныйдың қабіріне оның аты-жөні жазылған бюллетеньдер апарған, бұдан бөлек, дауыс беру парағына оның есім-сойын қосып жазып, оны сайлау жәшігіне салғандар болған. Оппозиционердің жесірі Юлия Навальная да осылай жасады. Ол Ресейдің Берлиндегі елшілігінде дауыс берді.

Навальный 16 ақпанда "Полярный волк" деп аталатын тәртібі қатаң түрмеде белгісіз жағдайда көз жұмды. Сараптама саясаткер "өз ажалынан қайтыс болған" деген қорытынды жасады. Оппозиционердің жақтастар болса Навальный түрмеде қаскөйлікпен өлтірілді деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG