18 наурызда Ақорда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин телефон арқылы сөйлескенін хабарлады. Тоқаев Путинді президент сайлауындағы "сенімді жеңісімен" құттықтаған.
Ресеймен "дос" елдердің басшылары да Путинге құтты болсын айтқан. Бесінші мерзімге сайлану үшін Путин саяси бәсекесіз сайлауға түсті.
Агенттіктердің хабарлауынша, Путинді алғашқы болып Венесуэла президенті Николас Мадуро құттықтаған, оның легитимдігіне АҚШ күмән келтірген. Мадуро Путинді "аға" деп атап, оның жеңісі "көпполярлы әлем" құруға көмектесетінін айтқан. Путинді Куба, Никарагуа, Боливия, Гондурас басшылары да құттықтаған.
Мәскеумен қару-жарақ саласында тығыз жұмыс істейтін Солтүстік Корея мен Мьянма басшылары да Путинге құтты болсын айтыпты. Бұдан бөлек, оны Иран президенті Эбрахим Раиси, Өзбекстан мен Тәжікстан басшылары, Босния сербтерінің ресейшіл жетекшісі Милорад Додик пен Молдова оппозициясының қайраткерлері құттықтағаны айтылды. Путинді Қытай СІМ де құттықтады. Кейін Қытай басшысы Си Цзиньпиннің құттықтауы жарияланды. Ол бір жыл бұрын Мәскеуге сапарында Путиннің бесінші мерзімге қайта сайланатынына сенім білдірген.
Телефон арқылы Путинді Беларусь басшысы Александр Лукашенко құттықтады деп хабарлады оның баспасөз қызметі.
Батыс елдерінің лидерлері Путиннің жеңісіне ештеңе демеді, тек Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель 15 наурызда Путинді "жеңісімен" құттықтап, сайлау нәтижесіне қатысты болжамын мысқылдап көрсетті. Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің кеңсесі Путинді құттықтамайтынын ашық жеткізді. Бірқатар елдің сыртқы саяси мекемелері Ресейдегі сайлау еркін емес және демократия стандарттарынан алшақ деген тұжырыммен шектелді.
Украина президенті Владимир Зеленский жексенбідегі кешкі үндеуінде Путин президент сайлауының "имитациясын" жасады деп мәлімдеді. Зеленскийдің сөзінше, Путин "жай ғана билікпен ауырып қалған және өмір бойы билікте қалуға барын салмақ". Украина президенті "имитация жасалған бұл сайлаудың ешқандай легитимдігі жоқ және болуы да мүмкін емес" деді. Украинада Путинмен қандай да бір жеке сөйлесуге ресми түрде тыйым салынған.
Бұған дейін Ресей оппозициясының бірқатар өкілі, соның ішінде Юлия Навальная және Батыс саясаткерлері Путинді биыл мамырда аяқталған төртінші мерзімінен соң оны президент ретінде ресми түрде мойындамауға шақырған. Олар Украинаның оккупацияланған аймақтарында дауыс беру өткенін айыптаған. Ресми мәліметтер бойынша, Путин ол аймақтарда "миллиондаған дауыс" жинаған. Ондағы дауыс беру қорытындысын Батыс елдері мойындамайды.
ПІКІРЛЕР