10 миллион теңге пара алған деген күдікпен ұсталған Сәтбаев қаласының бұрынғы әкімі Шапағат Әубәкір сот үкімімен 3,5 жылға бас еркіндігінен айырылды, ол енді ешқашан мемлекеттік қызметке қабылданбайды. Бұл туралы Сәтбаев қалалық сотының баспасөз қызметіне сүйеніп жергілікті БАҚ хабарлады.
Биыл ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шапағат Әубәкірдің ұсталғанын мәлімдеген. Тергеу қорытындысында "ол қала әкімі бола тұра, Сәтбаев жолдарын күтіп ұстау жұмыстарына жауапты жеке кәсіпкер М.-дан мемлекеттік сатып алу шарты қаражатын ұлғайтуға және оны ұзартуға жәрдемдескені үшін 10 миллион теңге пара алған" деп жазылған. Ақпан айынан бері бұрынғы әкімнің адвокаттары мен туыстары айыпқа қатысты пікір білдірген емес.
Ал осы іске қатысы бар кәсіпкерге (аты-жөні айтылмады) сот 200 миллион теңге айыппұл салды. Ол да өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылған.
Ақпаратқа қарағанда, сотталушылар "кінәсін мойындаған және соттан бас еркіндігінен айырмай жазалауын сұраған". Сот олардың кәмелетке толмаған балалары барын ескергені айтылады.
Үкім әлі күшіне енген жоқ.
Жемқорлықты зерттейтін Transparency International ұйымының 2023 жылғы есебіне сәйкес, "жемқорлық жайлаған елдер" қатарында қалған Қазақстан 100-ден 39 балл алып, 180 елдің арасында 93-орында тұр.
ПІКІРЛЕР