Accessibility links

Бішкектің әкімшілік соты "Клооп" сайтын бұғаттаған қырғыз министрлігінің шешімін заңсыз деп таныды

"Клооп Медиа" белгісі
"Клооп Медиа" белгісі

Бішкектің әкімшілік соты Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің елдегі "Клооп" тәуелсіз ақпарат агенттігі сайтынан материалды алып тастау және осы ресурсты бұғаттау жөніндегі шешімін заңсыз деп таныды. Бұл туралы 18 наурызда "Клооп" редакциясы хабарлады.

Сайттың адвокаты Нұрбек Сыдықов егер Бішкек қалалық соты әкімшілік сот шешімін қолдаса, "Клооп" сайты бұғаттан шығуы мүмкін дейді. Ол сот шешімі сайттың орыс тіліндегі нұсқасына ғана қатысты екенін айтты.

"Клооп" сайтының орыс тіліндегі нұсқасы 2023 жылы қыркүйекте, ал қырғыз тіліндегі нұсқасы былтыр қарашада бұғатталды. Қырғызстан мәдениет министрлігі бұғаттау туралы шешімді сайтта жарияланған "Саясаткер Равшан Жиенбеков өзін тергеу абақтысында азаптап жатқанын мәлімдеді" деген материалға байланысты қабылдағанын айтқан. Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет бұл материал "шындыққа жанаспайды және ҰҚМК беделіне нұқсан келтіреді" деп, редакцияның үстінен министрлікке шағым түсірген.

Сайтты бұғаттаудан бөлек, бұған дейін Бішкектің Октябрь аудандық соты "Клооп Медиа" қоғамдық қорын жабу жөнінде шешім шығарған. Қордың қудалануына былтыр тамызда түсірілген прокурор Эмилбек Әбдіманаповтың арызы түрткі болған. Мемлекеттік айыптаушы "басылым материалдары билік беделіне нұқсан келтіреді" деп тапқан.

Сайт бұл мәлімдемені "Қырғызстандағы сөз бостандығына бұрын-соңды болмаған қысым" деп атады.

"Клооп" сайтын "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ), Human Rights Watch (HRW) сияқты бірқатар халықаралық ұйым қолдап, Қырғызстанның медиа қауымдастығы ел билігін "Клооп Медиаға" қарсы сот ісін қайтарып алуға үндеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG