19 наурызда Алматының Алмалы аудандық сотында Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптауға байланысты айыпталған үш полиция қызметкеріне үкім оқылды. Бұл жөнінде Алматы прокуратурасы хабарлады. Полиция қызметкерлеріне "Азаптау" (146-бап) бабы бойынша айып тағылған.
Сот олардың әрқайсысына үш жыл түрме жазасын берген, бұған қоса атақ-шендерінен айырып, мемлекеттік қызмет істеу құқығынан айырған. Айыпталушылар сот залынан қамауға алынды.
Айыпталушылардың айып немесе үкімге қатысты пікірі жарияланбады. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.
Қылмыстық істі Алматының арнайы прокуроры тергеген.
"2022 жылы 9 қаңтарда Алмалы аудандық полиция басқармасында айыпталушы полицейлер сол жерге жеткізілген үш азаматты азаптағанын прокурорлар дәлелдеді. Заңға қайшы әрекеттің салдарынан жәбірленушілер қиналған" деп жазылған Алматы прокуратурасының хабарламасында.
Желтоқсан айында Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптады деп айыпталған ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы жеті қызметкері 3-5 жылға бас бостандықтарынан айырылған еді. Тағы үш адам шартты жаза алды, бір адам ақталды.
Құқық қорғаушылар азаптау істерінің көбі сотқа жетпейтінін, ал сотқа жеткен істер бойынша көбіне жұмсақ жаза тағайындалатынын айтады.
- 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кемінде 238 адам қаза болды. Күштік құрылым өкілдері мен әскери қызметкерлер президенттің бұйрығымен қару қолданған. Мыңнан астам адам қамалып, сотталды. Олардың көбі қамау кезінде азаптауға ұшырағанын мәлімдеген.
- Халықаралық Human Right Watch құқық қорғау ұйымы бұған дейін Астана Қаңтар кезіндегі адамдарға оқ ату мен азаптау істерін "бір жақты тергеді" деп мәлімдеген. Астана HRW мәлімдемесімен келіспеген. Құқық қорғаушылар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың көмегімен жан-жақты тергеуге шақырып келеді. Ақорда ұсыныстан бас тартқан.