Киевке 20 наурыздан 21 наурызға қараған түні Ресейдің ракеталық шабуылынан кемі он адам зардап шеккен, олардың екеуі ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы қала мэрі Виталий Кличко хабарлады.
Қағып түсірілген ракетаның сынығы тұрғын үйге, кәсіпорынға, балабақшаға және автокөлік жолына түскен. Киевтің бір ауданында трансформатор станциясы өртенген, тағы бір тұрғын үйдің шатыры жанған. Шевченко ауданында пәтер өртеніп, көпқабатты үйде эвакуация жүріп жатыр.
Киев мэриясы түнде Киевке ұшырылған отызға жуық қанатты ракета қағып түсірілгенін, Ресейдің ракета шабуылы үш сағатқа созылғанын айтады.
Бұл түні бүкіл Украинада әуе дабылы қағылды. Бұған дейін Украина қарулы күштері Ресейдің Мурманск облысындағы авиабазадан кемі он ресейлік Ту-95МС бомбалау ұшағы ұшып шыққанын айтқан.
Сәрсенбі, 20 наурызда Харьковке Ресейдің ракета шабуылынан бес адам қаза тапқан еді.
Ресей қорғаныс министрлігі ракеталық шабуылдар жайлы ештеңе демеді.
ПІКІРЛЕР