21 наурызда Қазақстанда халық Наурыз мейрамын тойлауды бастап кетті. Алматыдағы Наурыз мейрамы қаладағы Астана алаңында өтіп, бұл шараға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Астана алаңы мен Арбат маңында халық көп жиналған.
Қала көшелері арқылы "Көше. Наурыз – Думан" керуені жүріп өтті. Одан соң Астана алаңында концерт қойылып, елге танымал әнші Димаш Құдайбергенов өнер көрсетті.
Бұл күні Алматы көшелерінде күзет күшейді. Астана алаңы маңында арнайы жасақ, полицей көп жүрді, бірнеше автозак пен полиция көліктері тұрды.
Шетелде тұратын оппозиционер, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов 21-22 наурызда жұрт көп жиналатын жерлерге билікке қарсы митингіге шақырып, көк шар ұстап келуді сұраған. Алматыдағы алаңға барған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, алаң маңында көк шар ұстағандар көрінбеді.
Ал Астанада Наурыз мейрамы тойланған ЕХРО көрме орталығы маңына да жұрт көп жиналды. Бұл жерді де автозактар мен полиция күзетіп тұрды. ЕХРО көрме орталығы маңында митингіге келген адамдар байқалмады.
Қазақстанда Наурыз мейрамына байланысты халық 21-25 наурызда демалады.
ПІКІРЛЕР