Accessibility links

Тоқаев Алматыда жер сілкінісін алдын ала ескертетін жүйені енгізу мәселесін айтты


Жерасты дүмпуінен кейін ғимараттардан шығып, Қазақ ұлттық университеті аумағындағы алаңда тұрған адамдар. Алматы, 4 наурыз, 2024 жыл.
Жерасты дүмпуінен кейін ғимараттардан шығып, Қазақ ұлттық университеті аумағындағы алаңда тұрған адамдар. Алматы, 4 наурыз, 2024 жыл.

Алматыдағы кейінгі жер сілкіністерінен кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаевпен сақтық шараларын талқылады.

Тоқаев сейсмикалық қауіпсіздік елдің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі факторы екенін айтқан. Бұған қоса, ол жер сілкінісін алдын ала ескертетін озық жүйе енгізу және сейсмологтардың біліктілігін арттыру мәселесіне назар аударды. Тоқаев орталықтың жұмысында ғылыми зерттеулерді дамыту және инновациялық технологияларды енгізуді тапсырды.

Алматы әкімі Ерболат Досаев Тоқаевтың қабылдауында 1 маусымға дейін пилоттық режимде халыққа төтенше жағдайларды уақтылы ескертетін Mass Alert жүйесі енгізілетінін айтты.

Әкімнің сөзінше, 4 наурыздағы жер сілкінісінен соң 363 нысанды кешенді тексеру басталған, биыл 13,2 мың нысанға сейсмикалық аудит жүргізіледі.

Алматыда үш айдың ішінде екі рет 5 балдық жер сілкінісі болған. 23 қаңтарға қараған түні және 4 наурызда қалада 5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жер дүмпуі кезінде халық үйлерінен далаға шығып кеткен. Қаладағы бірнеше ғимараттардың терезесі сынып, қабырғасы жарылған.

Алматылықтар қаңтардағы жер сілкінісі кезінде әкімдік пен төтенше жағдай департаментінен жер сілкінісі туралы ескерту келмегенін, дабыл қағылмағанын айтып, билік жұмысын сынаған. Ал наурыздағы жер сілкінісі кезінде дабыл қағылған еді.

Қазақстан президенті Тоқаев қаңтардағы жер сілкінісінен соң Алматыға Алматыда сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жиын өткізіп, қаланың азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шықты деген.

XS
SM
MD
LG