Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей «соғыс жағдайында» деп мәлімдеді және Мәскеу үшін қазір «ең бастысы» Украинаның төрт облысының Киевке қарайтын жерлерін басып алу деді.
Бұған дейін Ресей бұл облыстарды өз «субъектілері» деп жариялап, өз бақылауындағы бөліктеріне билік жүргізуге көшкен. Песков Ресей аннексиялаған Украинаның Донецк, Запорожье, Херсон және Луганск облыстарының Кремль бақыламайтын бөлігін «де-факто Украина оккупацияланған аймақ» деп атап, оларды босатуға күш салатындарын айтты.
Ресейдің Украинаға шабуылын президент Владимир Путин де, елдің басқа ресми өкілдері де «арнайы әскери операция» деп атап келген, ал оны «соғыс» деп атағандарға «армияға тіл тигізгені үшін» айыппұл да салынған. «Аргументы и Факты» басылымына сұхбатында Кремль баспасөз хатшысы мұның алдымен «арнайы операция» болып басталғанын, бірақ «ұжымдасқан Батыс Украина жағында араласа бастаған соң» соғысқа айналғанын айтты. «Әркім өз ішінде мобилизация жасауы үшін» мұны Ресейдің әр азаматы түсінуі қажет деді Песков.
Ол мұны өз атынан айтты ма, әлде бұл Владимир Путиннің сөзі ме, Песков мұны нақтыламаған. Тек кейін сөзін түсіндірген ол «де-юре» арнайы әскери операция жүріп жатқанымен, «де-факто» соғысқа айналып кеткенін ескертті. Бірақ Ресейдің заңдарында «арнайы әскери операция» деген түсінік жоқ.
Сұхбатта Кремльдің баспасөз хатшысы соғыс басталғалы шетелге кеткен ресейліктер туралы да айтты. Ол «жаудың жағына шығып кеткен» азаматтарды Ресейде «күтіп отырған» ешкім жоқ деді. Олар қолына қару алып, Ресей әскеріне қарсы соғысып жүрсе, онда олардың «көзі жойылады» деді Песков. Бұрын Ресей президенті Путин де осындай пікір айтқан.
ПІКІРЛЕР