Украинаның Еуропа және Еуроатлантикалық интеграция мәселелері жөніндегі вице-премьері Ольга Стефанишина ресейлік мұнай өңдеу зауыттарын Украина қарулы күштерінің заңды нысанасы деп атады. Бұған дейін Вашингтон өзінің одақтасы Украинаны Ресей аумағындағы мұнай өңдеу зауыттарына дрон шабуылын тоқтатуға үндегені белгілі болған еді. Бұл Киевтің сол үндеуге реакциясы.
Reuters-тің жазуынша, Украина қарулы күштері наурыз айында Ресейдің энергетика нысандарына шабуылын күшейткен. Арасында мұнай өңдеу зауыттары да бар. Кейбір жағдайда шабуылдың салдарынан өндіріс тоқтаған.
"Америкалық әріптестердің үндеуіне түсіністікпен қараймыз, алайда соғыс жүргізу үшін қолда бар ресурстарды пайдалануымызға тура келеді" деді Стефанишина Киевтегі қауіпсіздік форумында.
Стефанишина әскери көзқарас тұрғысынан алғанда энергетика нысандары заңды нысана екенін атап өтті.
Жағдайдан хабары бар дереккөзге сүйенген Financial Times басылымының жазуынша, Киевке үндеу жасаған Вашингтон Ресей "кек қайтара ма" деп қауіптенеді. Оның салдарынан халықаралық нарықта мұнай қымбаттауы мүмкін.