Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында лай көшкіні жүріп, екі жеке үй бүлінген, біреуі құлауға аз қалды деп хабарлады төтенше жағдай қызметі.
"Алтай көшесінің еңіс жағында орналасқан шаруашылық құрылыстары бар тұрғын үйге құлау қаупі төнді. Сол үй мен айналасындағы үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді" деп жазылған төтенше жағдай министрлігінің хабарламасында.
Алматы облысының төтенше жағдай департаменті бұған дейін таулы жердің топырағы жаңбырдан кейін лайланып, жылжығанын айтқан.
"Бурабай" коттедждік қалашығында 21-23 наурыз аралығында тұрақсыз ауа райына байланысты топырақ лайланған. Соның нәтижесінде тау бөктеріндегі лай екі тұрғын үйге жылжып түскен. Топырақ әлі бітпеген қорғаныш дуалының (биіктігі 4 метрлік бетон тірегіш) шетімен өтті. Құлаған топырақ үйдің терезе саңылауын (сынған әйнек) бүлдірді, сонымен қатар жеке тұрғын үйдің аумағындағы уақытша құрылысты (шаруашылық құрылысты) ішінара зақымдады" деп жазылған ТЖД хабарламасында.
Департаменттің мәліметінше, көшкен лай көлемі 500 шаршы метр, ешкім зардап шекпеген. Екі үйде 9 адам тұрып жатыр.
Бесағашта лай көшкіні жөнінде ақпарат төтенше жағдай департаментіне 23 наурыз сағат 00:20-да түскен.
Оқиға орнына құтқарушылар мен техника барған. ТЖД қызметкерлері аулаларды аралап шыққан.
8 ақпанда Алматының Тау-Самал ықшамауданында лай тұрғын үйді басып қалып, бір отбасының төрт мүшесі (ерлі-зайыпты және олардың екі ұлы) қаза болған еді.