Мәскеу түбіндегі "Крокус сити холл" концерт залындағы терактіден аймақтық денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 37 адам қаза болған, 121 адам жараланған. Ресей тергеу комитеті 93 адам мерт болғанын хабарлады. Ресей президенті "Крокустағы" терактіге түсініктеме берген жоқ.
23 наурызда күндіз Ресей қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) жетекшісі Александр Бортников Путинге 11 адам ұсталғанын, төртеуі "Крокус сити холлдағы" терактіге қатысқанын баяндады. Бұл жөнінде Кремльдің баспасөз қызметіне сүйенген ТАСС агенттігі хабарлады. Бір күн бұрын ресейлік БАҚ терактіден кейін шабуылдаушылар жасырынып үлгергенін жазған. Теракт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бүгін "База" және "Осторожно, новости" телеграм-арналары кеше "Крокуста" жұртты атып, ізін жасырған адамдар отырған болуы мүмкін көлік Брянск облысында тоқтатылғанын жазған. Көліктегі екі адам ұсталған. Ақпарат әзірге ресми түрде расталмады. Ұсталғандардың шабуылға қатысы бар-жоғы белгісіз. Тәжікстан СІМ тәжік азаматтарының шабуылға қатысы барын терістеген.
22 наурызда кешке камуфляж киген бірнеше адам концерт залдың ішінде жұртқа оқ жаудырған, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. Өрт оқшауландырылғанмен әлі сөндіріліп жатыр. Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің айтуынша, сенбі күні таңертең "Крокус" залының төбесі құлаған, құтқарушылар үйіндіні аршып жатыр.
Губернатордың сөзінше, 115 адам ауруханаға жатқызылған, бесеуі – бала. Кейбірінің жағдайы ауыр. Ресей төтенше жағдай министрлігі зардап шеккендердің тізімін жариялады. Онда 107 адамның аты-жөні бар.
Ресей президенті Владимир Путин әзірге терактіге түсініктеме берген жоқ. Ресейлік ақпарат агенттіктерінің жазуынша, оған айналасындағылар жағдайды баяндаған, ал вице-премьер Татьяна Голикованың айтуынша, есептен соң Путин "барлығына тезірек айығуын тілеп, дәрігерлерге рахмет айтқан".
"Агентство" басылымының жазуынша, "Крокус сити холдағы" қанды оқиға – 2004 жылы 300-ден астам адам қаза болған Бесландағы мектепке шабуылдан бергі ең ірі шабуыл.
Ресей және өзге елдерде "Крокустегі" теракт құрбандарын еске арналған стихиялық мемориалдар пайда болған. Мәскеу, Петербург, Владивосток, Екатеринбург, Ростов, Париж, Таллин, Вена, Ташкент, Кишинев және өзге қалаларда жұрт гүл шоқтарын қойып, шырақ жағып жатыр. Қазақстандық БАҚ-тың жазуынша, Алматыда да Ресей консулдығы алдына гүл қойылған.