Accessibility links

Ресейде 24 наурыз аза тұту күні деп жарияланды


"Крокус сити холдағы" терактіден кейін мәлімдеме жасаған Ресей басшысы Владимир Путин. 23 наурыз 2024 жыл.
"Крокус сити холдағы" терактіден кейін мәлімдеме жасаған Ресей басшысы Владимир Путин. 23 наурыз 2024 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 24 наурызды Мәскеу түбіндегі "Крокус сити холдағы" теракт құрбандарын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Кейінгі мәлімет бойынша, аталған концерт залдағы атыс пен өрттің салдарынан кемінде 115 адам қаза болған. Қаза болғандар артуы мүмкін.

Путин ресейліктерге видеомәлімдеме жасады.

Ол "Крокус сити холдағы" терактіні "қанды оқиға" деп атап, адамдарды құтқаруға көмектескендердің барлығына алғыс айтты. Президенттің сөзінше, Мәскеу мен Ресейдің өзге аймақтарында терроризмге қарсы қосымша күрес шаралары жүріп жатыр.

Путин сонымен бірге оқиғаға кінәлілер жазаланатынын мәлімдеді. Ол терактіге қатысы барлар ұсталғанын да атап өтті. Путиннің сөзінше, ұстау алдында күдіктілер Украинаға кетуге талпынған. Оның айтуынша, Украина жағы олардың ел аумағынан кетуіне "жағдай жасаған", бірақ жай-жапсарын айтпады.

Путин терактіге қатысы барларды анықтаумен арнайы қызмет айналысып жатқанын жеткізді.

7 наурызда АҚШ елшілігі Ресейде жүрген азаматтарына алдағы күндері Мәскеуде ірі теракт болуы мүмкін екенін, адам көп жиналатын жерлерге бармау қажетін ескерткен еді. Сайлаудан кейін Ресей басшысы Владимир Путин батыс елдерінің ықтимал теракт жөнінде мәлімдемесін "қоғамды қорқыту үшін" жасалып отырған "арандату сипатындағы" әрекет деп атаған.

22 наурызда кешке Мәскеу маңындағы "Крокус сити холл" концерт залдың ішінде камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. "Крокус сити холдағы" қанды оқиға – 2004 жылы 300-ден астам адам қаза болған Бесландағы мектепке шабуылдан бергі ең ірі шабуыл.

Оқиғадан кейін ДАИШ-пен байланысты телеграм-арналар мәлімдеме жариялап, шабуылды мойнына алды. 23 наурызда Ресей билігі 11 адам ұсталғанын хабарлады, төртеуі шабуылға тікелей қатысы бары айтылды.

XS
SM
MD
LG