ДАИШ-қа жақын "Амак" агенттігі Мәскеу маңындағы "Крокус сити холл" концерт залына "шабуылдаған" төрт адамның суретін жариялады. Бұл жөнінде радикалды қарулы топтарды зерттеумен айналысатын аккаунттар хабарлады, деп жазды The Jerusalem Post және өзге БАҚ.
The Insider жазуынша, екі адамның киімі Ресейде терактіге байланысты ұсталғандардың киіміне ұқсас.
"Амак" агенттігінің жазуынша, ДАИШ "Крокустағы" шабуылды мойнына алып, оның "кейінгі жылдардағы ең қанды оқиға" екенін мойындаған. Хабарламаға қарағанда, төрт шабуылдаушы пулемет, тапанша, пышақ және өртегіш бомбалармен қаруланған. Агенттіктің жазуынша, үшеуі көрермен залды атқылаған, ал төртіншісі жарылғыш заттармен ғимаратты өртеген.
23 наурызда "Амак" агенттігі "Крокус сити холда" "террористердің бірі түсірген болуы мүмкін" видеоны жариялады. Видеода қатігездік бейнеленген кадрлар бар: онда біреуі жұртқа автоматпен оқ атады, біреуі бір адамды тамағынан бауыздайды. Шабуылдаушылар сонымен бірге діни ұрандар айтады. Видеоның түпнұсқалығы расталған жоқ, алайда ол концерт залының холында түсірілгенге ұқсайды.
Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі теракт ісі бойынша 11 адам ұсталғанын, төртеуі терактіге тіке қатысы барын айтты. Күдіктілер Брянск облысында ұсталған. Олардың аты-жөні жарияланған жоқ.
Ресей ішкі істер министрлігі күдіктілер Ресей азаматы емес екенін айтты. Бірақ қай елдің азаматы екенін нақтылаған жоқ. Ресейлік телеграм-арналар олардың бірі – Душанбеде туып-өскен, 19 жастағы Мухаммадсобир Файзов екенін жазды. Ол Тәжікстан азаматы болуы мүмкін. Азаттықтың Орыс қызметінің жазуынша, ол әлеуметтік желілердегі діни пабликтерге жазылған. Ұсталған кезде ол жарақаттанған.
Тағы бір күдіктінің аты-жөні Фариддин Шамсидуни екені айтылды. BBC оның төлқұжатының көшірмесі бар екенін жазды. Ұсталғаннан кейін одан жауап алу сәтін RT бас редакторы Маргарита Симоньян жариялады. Оның сөзінше, оған теракт жасағаны үшін 500 мың рубль сыйақы төлеуге уәде берген. Оның киімі "Амак" агенттігі жариялаған суреттегі адамдардың бірінің киімімен сәйкес келеді.
Ресейлік телеграм-арналар тағы бір күдіктіні ұстау сәтінен түсірілген видео жариялады. Әуелі оның құлағын кесіп тастайды, ізінше оны өз құлағын жеуге мәжбүрлейді. Видеоны кім және қашан түсірілгені белгісіз. Ресми органдар оған түсініктеме берген жоқ.
Шабуылдаушыларды іздеу операциясының жай-күйінен хабары бар дереккөз BBC ақпарат агенттігіне шабуылдаушылардың кемінде екеуі атып өлтірілгенін айтқан. Біреуі – көрермен залында, екіншісі Брянск облысында ұстау кезінде мерт болған. Брянск облысында өлтірілген күдікті 30 жастағы тәжік азаматының төлқұжаты BBC ақпарат агенттігінде бар. Оның аты-жөні айтылмайды. Ресей билігі әзірге күдіктілерді атып өлтіргені жөнінде айтпады.
- 22 наурызда кешке Мәскеу маңындағы "Крокус сити холл" концерт залдың ішінде камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. Ресей тергеу комитетінің мәліметінше, терактіден қаза болғандар 133 адамға жетті. Қаза болғандар артуы мүмкін.