Accessibility links

Жексенбіге қараған түні Ресей Украинаның Львов облысын атқылады


Львов. Мұрағаттан алынған сурет.
Львов. Мұрағаттан алынған сурет.

Жексенбіге қараған түні Ресей әскері Украинаның Львов облысын атқылады. Украина әуе күштері және Львов мэрі Андрей Садовыйдың хабарлауынша, ракета шабуылы екі сағаттан астам уақытқа созылған. Львов облысына 20 ракета және бірнеше "Шахед" дроны жіберілген, барлығы атып түсірілген. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Х-101/Х-555/Х-55 типтегі ондаған қанатты ракета Киев төбесінде атып түсірілді, деп хабарлады Киев қалалық әскери әкімшілігі. Ешкім зардап шекпеген, алайда билік тұрғындарға бомбадан қорғанатын орындарға баруға кеңес берген.

Сенбі күні және жексенбіге қараған түні Сумы облысы да артиллериямен атқыланған. Кривой Рогта да жарылыс естілген. Ол жақта үйлердің біраз бөлігі электр энергиясыз қалған.

Украина аумағының атқылануына байланысты поляк әскері түнде ұшақтарын ұшырған. Бұл жөнінде Польшаның қарулы күштері Х әлеуметтік желісінде жазды. Ұшақтар аймақтағы поляк шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.

Ресей Украинаны күн сайын атқылап жатыр. Ресей қорғаныс министрлігі әскери нысандарды ғана соққылап жатқанын айтқан. Алайда азаматтық инфрақұрылымның қирағаны туралы ақпаратқа ведомство түсініктеме бермейді.

XS
SM
MD
LG