АҚШ президенті Джо Байден бір күн бұрын конгресс мақұлдаған АҚШ-тың 1,2 трлн долларлық федералдық шығыны жөнінде заң жобасына қол қойды. Құжат федералдық ведомстволарды 30 қыркүйекке дейін қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
Осылайша шатдаун қаупі сейілді. Бұған дейін конгресс үкімет шығыны туралы уақытша заң жобаларын бірнеше рет мақұлдаған, соңғысының мерзімі 22 наурызда біткен.
Қабылданған құжат өкілдер палатасы мен сенаттағы демократтар мен республикашылдардың өзара ымыраға келгендігінен хабар береді. Дегенмен төменгі палатадағы Дональд Трамптың жақтастары оны қолдаған жоқ. Олар мемлекет шығынын айтарлықтай қысқартып, шекара күзетіне көбірек қаражат бөлу керектігін алға тартады.
Президент Байден заңның қабылдануын жылы қабылдап, оны "америкалықтарды, экономика мен ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға" салынған инвестиция деп атады. Президент конгресте тұралап қалған өзге заң жобаларын да қабылдауға шақырды.
Олардың арасында Украина, Израиль және Тайваньға көмекті қарастыратын заң жобасы да бар. Құжатты сенат мақұлдаған, бірақ республикашылдардың көзқарасына байланысты өкілдер палатасында дауыс беруге шығарылған жоқ.
Қазір өкілдер палатасы пасхалық демалыста және заң жобасына сәуірдің ортасына таман оралады. Бұған дейін республикашылдар өз жобасын да әзірлеп жатқаны хабарланған.